Желіде жалған дәрігерлер көбейді
Алаяқтар енді дәрігер болуға көшті. Ақ халаттылардың атын жамылып, құйтырқы әрекетін іске асыратындар көбейді.
Денсаулық сақтау министрі осылай деп дабыл қағып отыр. Алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалмаудың амалы қайсы?
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Алло, бұл дәрігер ме? Деректерді шұғыл түрде растауыңыз қажет.
Бұл әңгіме сізге таныс па? Егер солай болса, онда сіз қазірдің өзінде қауіптің үстіндесіз. Елде әккілер енді медициналық мекемелердің науқастарына мақсатты түрде шабуыл жасап бастады. Ол қалай? Алаяқтардың арбауына түспес үшін нені білуіңіз керек?
Медицина қызметкерлерінің атынан алаяқтық қоңыраулар жиіледі. Олар тіпті, сіздің қайда, қашан барғаныңызды біліп отыр. Ақ халаттылардың атын жамылған алаяқтар әсіресе егде жастағы адамдарды құрығына түсіруді әдетке айналдырыпты. Өздерін емхана қызметкері ретінде таныстырады. Артынша, діттеген ойларын іске асыруға асығады. Бұл кең таралған алдау схемаларының бірі. Мақсат - тұрғындарды жаңылыстыру арқылы олардың жеке деректері мен қаржылық сервистеріне қол жеткізу. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі келесі сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Қаперде ұстаңыз көрермен! Медициналық ұйымдарға қабылдауға жазылу ресми рұқсат етілген мобильді қосымшалар арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ тіркеу бөліміне телефон арқылы жүгіну арқылы жүзеге асырылады. SMS-кодтар науқастарға тек цифрлық сервистерде авторизациядан өту шеңберінде ғана жіберіледі. Егер сіз бәрібір алаяқтардың құрбаны болсаңыз, барлық дәлелдерді сақтап қойыңыз: Оларсыз банк те, полиция да көмектесе алмайды өкініштісі. Ең бастысы - уақыт жоғалтпаңыз.
Әр қадамыңызда қауіпсіздікті ұмытпаңыз! Сақтансаң, сақтайды деген!