Дубайдың орталығына киіз үй тігілді

Дубайдың қақ ортасына киіз үй тігілді. Жағалай ел қазы-қарта, бауырсақ -  қазақтың өзге де ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Жұртшылық арқа-жарқа. Әз Наурызды тойлап жатыр. Домбырадан күй төгіліп, қазақтың әндері шырқалды. Сөйтіп кеше ғана дрон мен зымыраннан шошынып қалған ел бір жасап қалды. Бір тәуірі кейінгі күндері Иран тарапынан бұл елге қарай ешқандай зымыран да, дрон да ұшпаған.

Наурызды жыл басы санап, ұлыс тойына теңеген Орталық Азия халықтары ұлттық тағамға бай. Соның ішінде қазақтың қазы-қарта, жал-жаясы танымал. Елден жеткізілген сол құнарлы ас арнайы қазан-ошақта дайындалып, бабымен пісті. Жылқы етінен арабтар еш тартынған жоқ.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Әз-Наурыз тұтас шығыс халықтарына ортақ мереке болғанымен, Араб мемлекеттерінде кең тойлана бермейді. Соған қарамастан мұнда жүрген отандастар қазақылықтан алыстамай, ұлттық мейрамды атап өтеді. Бір-бірімен қуана қауышып, мәре-сәре болады.

Биыл мұндағы жұрттың Наурыз тойын жеке компания қаржыландырды. Мерекелік іс-шара толықтай ұлттық нақышта безендірілген алаңда өтті. Бірнеше қанатты киіз үй тігіліп, қонақтар төрге озды. Қазақтың байырғы тұрмыс-салтымен үндескен заманауи киім үлгілері және өзге де бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Блиц:

-  Іс-шара барлық қырынан ұнап жатыр. Дәстүр мен мәдени құндылықтарыңыз айрықша көрініс тапқан. Ең бастысы бұл жерде түрлі ұлт өкілдері кездесті. Олар қазақ халқының қонақжайлығына кенеліп, бай мәдениетімен танысуда.

- Өзге ұлттардың табиғи бітім-болмысымен танысқанды ұнатамын.

- Қазақстанды танытатын осындай думанды кеште бірінші рет болып тұрмын. Ұлттық тағамдарыңыз өте керемет. Оннан он бір деген баға беремін.

Кезек ұлттық ойындарға да келді. Арқан тартыс, қол күрес, серке көтеру, асық ату және балуандар белдесуінде өзара күш байқасқандар аз болмады. Бұл сында үздік шыққандардың иығына шапан жабылып, қамзол берілді. Ал өнерпаздар сахна ажарын ашты. Кішкене таланттарға дейін домбыра шертіп, күй ойнады.

Руслан Ембергенов, Дубайдағы қазақстандық компанияның басшысы:

- Компаниямыз жылда Наурыз тойлайды. Ташкентте, Бакуд, АҚШ-та өткіздік. Тәжірибеміз бар. Бәріміз бірігіп, келісіп, Қазақстаннан көмектесті. Барлығы тез ұйымдастырылды. Негізінен дәстүрімізді шетелдік әріптестерімізге көрсеткіміз келді.

Әлішер Ислам, Спорт және мәдениетті дамыту қорының басшысы /Қазақстан/

- Бұл – ұлттық мәдениетіміз басқа елден айырмашылығымызды көрсетеді. Сосын біздің мәдениетіміз татулыққа негізделген ғой. Қазіргі қиын заманда біздің «Берік шаңырақ – бақыттың бастауы» дейді. Бейбіт заманның бастауы болса екен деп.

Ауқымды бағдарламаның басы-қасында қазақстандық қыз-жігіттер жүрді. Жаңару мерекесінде олардың іскерлік байланыстары дамыды. Қазақы қонақжайлық пен құндылық бұған бір есептен септігін тигізді.

Ілияс Орманбаев, ұйымдастырушы:

-  Қонақтарымыздың саны 300-ге жетті. Киіз үйді ұшақпен жеткіздік. Наурыздан кейін көпке ұзатпай, ұлттық мерекені жұрт болып атап өткіміз келді. Барлығы ойдағыдай десем болады. Ойындар ойналып, ас әзірленіп, тіршілік қыз-қыз қайнап жатыр.

Айта кетейік, өңірлік соғыс қазір бір сәтке тоқтап, тараптар келіссөз алаңына оралған. Сол себепті шығанақ қалалары кең тыныстап, аспан тыншып тұр. Әмірліктегі отандастарымыз осындай орайлы сәтте ұйымдастырылған наурыз думанға дән риза.

Рауан Мыңбай