Түркиядағы қазақ ауылында алғаш рет Наурыз кең көлемде тойланды

Анадолының әр түкпірінен Алтай ауылына жиналған ағайын қазақтың бай мұрасы мен салт-дәстүріне куә болып, ұлы мерекенің шынайы келбетін сезінді.

Әсия Нұрлыбаева, тілші: 

- Алтай ауылында бүгін ерекше күн. Мұнда алғаш рет кең ауқымды Наурыз мерекесі өтіп жатыр. Ауылдың әр бұрышы думанға бөленіп, қазақ пен бауырлас түріктің ән-күйі әуеде қалықтап тұр. Қазақтың ұлттық дәстүрі қайта жаңғырып, Алтай даласы нағыз мерекелік алаңға айналған. Ұлттық киім киген тұрғындар Наурыздың басты нышаны – бірлік пен берекені дәріптеп, ортақ мерекеге жиналды. 

Ниғде провинциясы – Анадолының жүрегінде орналасқан көне аймақ. Осы өңірдегі Алтай ауылында тек қазақтар тұрады. Өткен ғасырдың 50-жылдары Қытайдан қоныс аударған қандастарымыз ұлттық болмыстың отын өшірмей, салт-дәстүрімізді көзінің қарашығындай сақтап келеді. 

Мұстафа Көк, Алтай қазақ мәдени қоғамының төрағасы:

- 1954-те ауыл құрыла бастапты. 165 отбасы болып ауыл құрылыпты.1955 жылы жетінші айдың 31-күні келген қонақтар ауылға келіп орналаса бастапты. Қазір 16-17 отбасы қалды. Ауылды жібермей отырсақ та, Бор ауданында 40 отбасы бар. Ниғде қаласында 11-12 отбасы бар. Сонымен Ниғде қаласымен 70 отбасымен бірге жүреміз.

Кейінгі жылдары аймақта әз-Наурызды ұлықтауға ерекше мән беріліп келеді. Алайда биылғы іс-шара жылдағыдан ерек. Түркияның түкпір-түкпірінен жиналған қазақ диаспорасы бір шаңырақ астында бас қосып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртты. Мерекелік іс-шараны Қазақстанның Анталиядағы бас консулдығы ұйымдастырып, Ниғде провинциясының губернаторлығы қолдау көрсетті. 

Қуат Канафеев, Қазақстан Республикасының Анталия қаласындағы бас консулы:

- Бүгін шамамен 4 мың адам келіп тұр. Біздің қатысушылар Ниғде губернаторы және тағы да бірнеше құрметті қонақтар келіп тұр. Біз Түркия азаматтарына өте ризамыз. Тағы біздің Қазақстаннан Сарыбел тобы келді. Сондықтан күшті бір іс-шара өтіп жатыр. 

Недим Акмеше, Ниғде провинциясының губернаторы:

- Мұндай ауқымды мерекелік іс-шараны алғаш рет өткізіп отырмыз. Қазақстаннан арнайы келген өнерпаздар мен спортшылар мейрамның көркін қыздырды. Бұл – тек мәдени іс-шара емес, екі ел арасындағы бауырластықтың көрінісі. Алдағы уақытта да бұл дәстүрді жалғастырмақ ниеттеміз. 

Мереке аясында бауырлас екі елдің ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалған жоқ. Алаңда жамбы ату мен садақ ату сайысы көпшіліктің делебесін қоздырды. Ал қазақтың жеті қазынасының бірі, тазы жарысы жұртқа ерекше әсер сыйлады. 

Шолпан Ныған, Алматы облыстық жамбы ату федерациясының мүшесі:

- Келгелі бері байқайтын болсам, көбісі қызығумен қарады. Көбінесе жамбы атуды ешкім түсінбейді. Ұлттық спортпен жамбы атымен айналысқаныма 2024-тен бастап мен 4 жыл болып қалды. 

Мейрам Қасымов, ҚР тазы федерациясының мүшесі:

- Түркияда тазы жарысы бірінші болып жасалып жатыр. Түркия елінде өте керемет, жоғары деңгейде жақсы қабылдап, жақсы жарыс болды. Өте керемет, таңғалып жатыр. Сұраныс көп екен. 

Мерекені лайықты деңгейде өткізуге ауылдың үлкені де, кішісі де барынша атсалысып жатыр. Әсіресе шетелде білім алып жүрген жастар халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау үшін ерекше белсенділік танытты.  

Алтайдағы ағайын ата-бабадан жеткен игі дәстүрді дәріптеп, қазыналы құндылығымызды қайта жаңғыртты. «Мұндай мәдени іс-шара шетелде өселең ұрпаққа ұлттық болмысымызды танытып қана қоймай екі ел арасындағы бауырластық байланысты бекіте түседі», - дейді ұйымдастырушылар. 

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж. Сүйіндіков