Елордада БҰҰ-ның қолдауымен өңірлік экологиялық саммит өтеді
Астанада Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен өңірлік экологиялық саммит өтеді. Мақсат – Орталық Азияның орнықты дамуы бойынша ортақ көзқарасты қалыптастыру.
22-24 сәуір аралығында қоршаған ортаны қорғауға қатысты қордаланған проблемалар талқыланады. Олар аз емес. Орталық Азия – жер шарындағы климат өзгерістеріне ең осал өңірлердің бірі. Сондықтан опық жеп қалмас үшін осы бастан ортақ іске жұмылу керек. Оның үстіне теңізге шығу мүмкіндігі жоқ көптеген дамушы елдерге қауіп төніп тұр. Кейінгі 20 жылда жан басына шаққандағы сумен қамтылу 30 пайызға кеміген. Ал аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Жаһандық жылыну жайлағалы мұздықтардың да мүжіле бастағаны байқалады. Дүние жүзіндегі 2 млрд.-қа жуық адамның өзегін талдырмайтын өзен-көлдер қорегін осы мұздықтардан алады. Сондықтан оларды сақтап қалу өте маңызды. Осы мақсатта мемлекет, бизнес және халық болып жұмылу керек - дейді ECOJER қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов.
Рүстем Қабжанов ECOJER қауымдастығының бас директоры:
- Болашақ үшін осы үш ойыншы өзара келісімге келуге тиіс. Халыққа табиғаттың таза болғаны маңызды. Ал кәсіпкер пайда табуға мемлекет өз міндетін атқаруға тырысады. Алайда жауапкершілік ортақ. Сондықтан барлығына ұнайтын, барлық талаптарға сай заңдар қабылданып, олар тиісті деңгейде жұмыс істеуі керек.