Мопед мінгендерге не міндеттеледі?

Самокат мініп заулағандардың жөні бір бөлек, қазір ірі қалаларда мопедтер де көбейгені белгілі. Шағын көлік құралын кейбірі күнделікті қатынау үшін, ал енді бірі тауар жеткізу қызметі үшін сатып алады.

Ал бұлардың қозғалысы қаншалықты заңды? Мопедке міну үшін нені білу керек? 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Қалада мопед көбейді. Сәйкесінше оларға қойылатын талап та күшейтілді. Қарапайым ғана ережелер: жүргізушіге каска, жарыққа шағылысатын белдік, жүргізу куәлігі және сақтандыру құжаты қажет.

Абдулхамит мопедті тақауда ғана сатып алған. Онлайн қызмет арқылы санаулы сағат ішінде мемлекеттік нөмерге ие болды. Оның айтуынша, мопедтің тиімді тұсы көп. Ең алдымен уақыт пен қаржыны үнемдеуге қолайлы. Әрі экологияға зияны автокөлікпен салыстырғанда едәуір аз.

Абдулхамит Бөлекпаев, жүргізуші:

- Пробкада тұрмаймын. Автобусный полосамен жүремін себебі. Қатардың оң жағымен еркін өте беремін. Бұл - біріншіден. Екіншіден, экономия жағынан тиімді. Мен 400 теңгеге бензин құйсам, сонымен 3 күн жүремін. Үйге барамын, үйден келемін. Ал үй мен жұмыстың арасы - 11 км. Мен санадым, машинамен 11 км ары-беру жүру қиын, 3 мың теңгеге шығады.

Дегенмен кейбір мопед иелері тиісті ережелерді сақтай бермейді. Жыл басынан бері олардың кінәсінен 37 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 40-тан астам адам зардап шекті. Ал өзге көлік құралдары мопедтерді 11 рет қағып кеткен. Мұндай апаттардың көбі мегаполистерде болады. Астана тұрғындарының көшедегі мопед қозғалысына қатысты пікірін тыңдап көрдік.

Блиц:

- Қазір жастар көбінесе сондай айдайды ғой. Білмейтіндер бар. Авария болып жатады көз алдымызда.

- Күнкөріс қой олардікі. Кінәлауға болмайды негізі. Маған кедергі келтірмейді деп ойлаймын.

- Иә, жаз келген соң көбейеді ғой олар. Ешқандай қиыншылығы жоқ.

Былтыр сәуір айына дейін мопедтерді тіркеу міндеттелді. Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті берген мәліметке сүйенсек, сол жылы 48 мыңнан астам мопед заңдастырылған. Әлі тіркелмегендері болуы мүмкін. Бұл көлік құралын басқару үшін А, А1 және Б санатындағы жүргізу куәлігі, сақтандыру полисі және техникалық байқау құжаты қажет.

Әділбек Керімбеков, Астана ПД ПАтрульдік полиция полкінің аға инспекторы Астана:

- Тіркелмеген мопедтер бойынша ҚР ӘҚБ туралы Кодексінің 590-бабының 2-тармағымен әкімшілік хаттама рәсімделіп, уақытша айыптұрағына қойылады. Мопед жүргізушілеріне аптечка және өрт сөндіруге арналған құрылғы міндеттелмейді.

Елорданың өзінде былтыр мопедтердің қатысуымен 31 жол-көлік оқиғасы болса, биыл үш айдың өзінде мұндай 10 дерек тіркелген. Жаз әлі басталмағанын ескерсек, жол қауіпсіздігі көпшілікті алаңдатпай қоймай тұр. Полиция қызметкерлері рейд шараларын жүргізетінін алға тартты.

Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап, Арман Ақшабаев, Диас Қобыланбай