Ұлттық бірыңғай тесті не күтіп тұр?
ҰБТ-ның 20 жылдық тарихында жаңа кезең басталады. Енді талапкерлерден тек пәндік білім емес, сыни ойлау мен цифрлық сауаттылық та талап етілмек.
Министрлік АҚШ-тың алпауыт компаниясымен бірлесе отырып, отандық тест сертификатын әлемдік деңгейде мойындатуды көздеп отыр. Жаңа жүйе ҰБТ-ны толық алмастыра ма? Реформа қашан күшіне енеді және талапкерлерді не күтіп тұр?
Ұлттық бірыңғай тестілеудің тарихы 2004 жылдан бастау алады. Содан бері білім беру жүйесінде бұл емтихан бірнеше рет жаңартылып, өзгерістерге ұшырады. Уақыт керуені ілгері жылжыған сайын, сынақ жүйесі де қағаз нұсқадан электронды форматқа көшіп, заман ағымына бейімделді. Бұл тек техникалық ауысу емес, академиялық әділдіктің орнығуына жасалған кемел қадам еді. Ендігі кезек - тест мазмұнын халықаралық талаптарға сай жаңғырту. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бағытта АҚШ-тың беделді ETS компаниясымен бірлесіп, жаңа жүйені әзірлеуге кірісті.
Олжас Беркінбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі:
- Алдымен базалық талдау жасалып, кейін нақты қажеттіліктер анықталады. Одан соң сарапшылармен бағалау жүйесі бірлесіп жобаланады. Яғни шешімдер біржақты қабылданбай академиялық ортамен мүдделі тараптардың қатысуымен қалыптасатынын айту қажет. Тестілеудің мерзімі жиілігінің ұзақтығы сияқты негізгі параметрлер 2027 жылы 3-ші база кезеңінде қабылданады.
Жаңа формат Admission Insight Test (AIT) деп аталады. Ол екі блоктан тұрады: біріншісі - бейіндік пәндер, екіншісі - XXI ғасыр дағдыларын бағалау модулі. Мұнда талапкерлердің сыни ойлауы, цифрлық сауаттылығы мен академиялық жазу қабілеті сарапқа салынады. Зерде мен зейінді ұштастыратын бұл емтихан әуелі еліміздегі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына бақ сынайтын жастарға ұсынылады.
Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
- 2028 жылы шетелдік ЖОО-ға түсетін түлектер үшін осы емтихан пилоттық жоба режимінде қолданылатын болады. Аталған емтиханның басты мақсаты - ЖОО-на түсу барысында бейіндік пәндер бойынша дайындығы сонымен қатар дағдыларды анықтауға бағытталатын болады. Қазір еңбек нарығында көп дағды қажет етеді. Мысалы, ЖИ-ға байланысты цифрлық сауттылықты қажет етеді. Қазір барлық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Реформа алдағы 2-3 жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алдымен апробациядан өтіп, содан кейін ғана ұлттық деңгейде енгізу мәселесі қарастырылмақ.
Айдос Жұманазар, сарапшы:
- Қазіргі таңда бұл жаңа емтиханның түріне тікелей Президентіміз Тоқаевтың өзі араласып, Америкадағы іссапарында шешкен болатын. Бұл жердегі негізгі мақсат жаңадан қолданысқа енетін емтиханды әлемдік деңгейде мойындату. Яғни бұл егер сәтті жүзеге асатын болса, осы емтиханды тапсыру арқылы әлемдік университеттерге түсуге мүмкіндік беріледі.
Ал биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу форматында ешқандай өзгеріс жоқ. Талапкерлер бұрынғыша 3 міндетті және 2 бейіндік пәннен сынақ тапсырып, 140 балдық жүйе бойынша бақ сынайды. Қолданыстағы ҰБТ жаңа жүйе толық пісіп-жетілгенше өз жұмысын жалғастыра береді.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Айнұр Қуатқызы, Досбол Байдильдин