Елордада 50 мың бала ваучерлік кезекте тұр

Ваучерлік қаржыландыру негізінде елордада 64 мыңнан астам бала қызмет алады. Тағы 50 мыңнан астамы кезекте тұр.

Арт спорт және Даму бала сияқты ваучерлік жүйеге шамамен 10 мың бала ауысты. Кезектің реттілігі де еш өзгеріссіз сақталды. Алайда кезегін айлап күтіп жүрген ата-аналар да баршылық. Олардың үйірмелер мен спорт секцияларының жұмыс сапасына көңілдері толмайды. 

Ата-аналардың үйірмелерде қызмет ететін мамандарға айтар шағымы бар. Олардың сөзінше, бірқатар спорт секцияларында жұмыс істейтін бапкерлердің біліктілігі төмен.

Ата-аналардың айтуынша, елордадағы кейбір спорт секцияларында бапкерлер мен жаттықтырушылар балалармен дұрыс қарым-қатынас орната алмайды. Тіпті кейбір тәрбиеленушілер сабақ үстінде буллингке ұшырайды. Елорда тұрғыны Ақторғын Садатқызы інісінің футбол үйірмесінде бапкер тарапынан бірнеше рет буллингке ұшырағанын айтты. Сабаққа кешіккен немесе өз құқығын сөзбен қорғаған балаларды жүгіртіп қояды дейді кейіпкеріміз.

Ақторғын Анвар-Садатқызы, қала тұрғыны:

- Осы жақын арада біздің ініміз 6 ай бұрын ваучер ұтып алған болатын. Сол арқылы Самғау футбол клубына барып жүр. Бірақ соңғы 2 айда бапкермен мәселе шығып қалды. Келіспеушілік кесірінен менің інім буллингке ұшырап қалды. Содан 2 ай бойы інім футболға мүлдем барған жоқ. Бірақ сол 2 ай бойы футбол клубы бізге барған деген сияқты табель қойдырып отырды. Менің түсінуімше егер табельге қол қойса, оларға үкіметтен ақша бөлініп отырады. Бұл жерде әділетсіздік көріп тұрмын.    

Осыған байланысты Ақторғын футбол клубында біліктілігі төмен қызметкерлерді кәсіби мамандарға ауыстырғанын қалайды. Оның айтуынша, жоғарыда айтылған спорт секциясының нақты мекенжайы да жоқ көрінеді. Өйткені футбол жаттығулары әр күні әр жерде өтеді. Осы жағдайға қалалық әкімдіктің балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы пікір білдірді.

Дидар Байтасов, Қалалық әкімдіктің балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

- Бір мекемеге барып жүрген ата-ана баласын егерде бапкер тарапынан болсын, материалдық техникалық базасының әлсіздігін байқайтын болса, ол оны кез келген уақытта одан жақсырақ, одан күштірек кез келген мекемеге ауыстыра алады. Әрбір баланың қатысуын растайтын табельге қол қоятын ол ата-ана. Сондықтан мекеме өз бетінше ешқандай растау құжатына қол қоя алмайды. Ата-ананың келісімінсіз, ата-ананың табельді бекітуінсіз мемлекеттен ешқандай қаражат ала алмайды. Ваучерлік қаржыландырудың негізгі талаптарының бірі - бейнебақылаудың міндетті түрде болуы, 30 күн архивте сақталуы. Сондықтан егер ондай құқықбұзушылық орын алып жатса, оған құзырлы органдар айналыса алады деп ойлаймын.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкелі бері елордада 90-ға жуық мекеме түрлі жағдайға байланысты жабылды. Көбі өздері өтініш білдіріп, жұмысын тоқтатқан. Артынша тұғырнама тізімінен шығарылған. Олардың ішінде бірде бір бала тіркелмеген мекемелер де бар, - дейді Дидар Байтасов.

Дидар Байтасов, Қалалық әкімдіктің балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

- Сондықтан олардың қандай себеппен жабылғанын біз білмейміз. Бірақ бұл ваучерлік қаржыландырудың бір ерекшелігі ата-ана әрбір баланың қызмет алуын қадағалай алады. Жалған қатысу болмайды. Себебі ата-ана СМС-код арқылы әрбір балаға қол қойып, оның сол үйірмеге немесе секцияға барғандығын растайды. Бұған дейін кейбір кезде «сіз айтып отырған жалған қою» деген сияқты фактілер болған шығар. Себебі кейбір ата-аналар баласы бармаса да, оған ұнамаса да қол қоюға мәжбүр болады, себебі ол үйірмеге бармайтын болса, ол ваучерінен айырылып қалатын. Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру жүйесінде бала кез келген секцияға, үйірмеге ауыса алады.

Мекеме тарапынан жоспарлы мониторинг қарастырылған. Егер шағымдар түссе, кезектен тыс тексерулерге шығып мән-жайды анықтай алады. Бұзушылықтар табылса немесе мамандар құжаттамасының сәйкессіздігі әшкере болса, үйірмені ваучерлік қаржыландыруды тоқтату құқығы бар.

Алтай Рақымберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күні елімізде қосымша біліммен қамтуда жалпы кешенді жұмыстар жүргізілуде. Елде 2 мыңнан астам қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Олар балалар шығармашылық үйлері. Оқушылар үйлері, өнер мектептері. Жалпы еліміз бойынша 132 мың 128 үйірме жұмыс жасайды және 380 бағыты бойынша осындай 130 мыңнан астам үйірмелер жұмыс істейді.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі былтыр жаз айларында пилоттық жоба ретінде іске қосылған. 4 жастан 18 жасқа дейінгі кез келген бала үйірме кезегіне тұрып, мемлекет тарапынан тегін қаржыландыру ала алады. Жалпы қосымша білім берудің 3 бағыты бар. Спорт, шығармашылық және білім беру. Бұрын үш бағыт бойынша үш түрлі кезек болатын. Яғни ата-ана бір баласы үшін үш жерден ваучер алатын еді. Қазір барлығы бір кезек арқылы жүзеге асырылады.