Жамбыл облысында омарташылар субсидия ала алмай жүр

Жамбыл облысының омарташылары мемлекеттен қарастырылған субсидияға екі жыл бойы қол жеткізе алмай жүр.

Ауыл шаруашылығы басқармасының ара өсірушілерге берешегі 147 миллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар араны асылдандыруға арналған мемлекеттік қолдау да тоқтап, шаруалар шығынға батқан. 

Борис Пастух 30 жыл бойы омарташылықпен айналысады. Атасы мен әкесінен қалған кәсіпті жалғап, ұлын да осы іске баулып жүр. Бірақ соңғы кезде бал арасын бағу барған сайын қиындап бара жатқанын айтады.

Борис Пастух, омарташы:

- Араның бір ұясын сатып алуға 27-30 мың теңге жұмсаймыз. Ал бізде ұялар саны 700-ге дейін жетеді. Бірақ соның өзінде мемлекеттен бөлінетін субсидияға қол жеткізу қиын.

Омарташылар ара санын арттыру үшін асылтұқымды аналық арамен қоса осындай жәшіктерді сатып алады. Сол үшін мемлекеттен субсидия төленетін. Алайда соңғы жылдары тек өндірілгел бал көлеміне ғана көмек қаржы төленетін болды. Бірақ ол шыққан шығынды мүлде ақтамайды дейді ара асыраушылар.

Омарташы биыл ара санын көбейту үшін 200 жәшік пен асылтұқымды ара сатып алған. Бұған шамамен 4 миллион теңге жұмсадым, - дейді.  Оның бір бөлігін субсидия арқылы қайтарса, қалғанын бал сатып өтейді. Дегенмен шаруалар мемлекеттік қаражатқа екі жыл бойы қол жеткізе алмай жүр.

Борис Пастух, омарташы:

- Сол қолдауға ие болсақ, омарта ісін әрі қарай дамытуға мүмкіндік болар еді. Негізі бұл шаруашылық оңай емес - шығыны көп. Көп адам амалсыздан несие алып, кейін сол қарызды қайтара алмай жатады.

Қазір аймақта 400 ара шаруашылығы бар. Бәрін алаңдатқан ортақ мәселе – субсидияның жоқтығы.

Константин Кутасов, облыстық Омарташылар қауымдастығының төрағасы:

- Екі жыл бұрын 600-ден аса омарташы болатын. Бірақ былтыр пидемия жүріп, аралардың 80 пайызы қырылып қалды. Оларды қайта көбейту үшін қыруар қаражат қажет. Жергілікті билік бұл мәселені шешуге қол ұшын бермеді. Оған қоса субсидиядау жүйесі де қиындап кетті. Сондықтан біраз адам бұл кәсіпті тастап кетті.

Салаға жауапты ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мәселенің бар екенін жоққа шығармайды. Олардың айтуынша, бюджет тапшылығына байланысты омарташыларға тиесілі субсидия уақытында төленбеген. Алайда екі жыл бойы қордаланған қарызды биыл өтеп бермек.

Нышаналы Телеуов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылға бізге бюджеттен 6,8 млрд бөлініп отыр. Оның ішінде 2024 жылғы омарташыларға қарыз 114 млн теңгені құраған етін. Оны біз төлеп қойдық. Енді осы аптаның аяғында немесе келесі апьаның ортасына қарай өздерінің есепштоттарына түседі. Ал қалған 33 млн теңге 2025 жылғы қарыз ол келесі айдың 15 не дейін түседі.

Қолданыстағы субсидиялау ережесіне сәйкес, ара санын көбейткен омарташыға қаржы қарастырылмаған. Сәйкесінше бұл олардың қалтасына айтарлықтай салмақ салып отыр. Сондықтан шаруалар министрліктен қолданыстағы талаптарды қайта қарап, өзгеріс енгізуді өтінеді.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә