«Кекілбаев тұлғасы»: мемлекеттік қызметшілерге үлгі

«Кекілбаев тұлғасы». Астанада осындай атаумен Қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен қызмет жолына арналған кітаптың тұсаукесері өтті.

Басылым Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бастамасымен жарық көрді. Кітаптың авторлары - Ұлан Айхожа, Абай Сейфулла. Олар қайраткердің өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасын, әрі мемлекетшіл тұлғасын және ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан. Жаңа кітапта көрнекті қаламгердің әдеби мұрасы ғана емес, оның елдік мүдде жолындағы қайраткерлік келбеті, азаматтық ұстанымы, зиялылық болмысы мен тағылымды өмір жолы жан-жақты қамтылған. Жоба Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүзеге асырып жатқан «Тұлғатану» бағыты аясындағы игі бастамалардың жалғасы болып отыр. Бұған дейін саяси қайраткер «Сапарбаев тұлғасы» жайлы кітап шыққан. Агенттік Төрағасының айтуынша, бұл Президенттің мемлекеттік қызметшілерге деген талабының бір парасы. Себебі мамандарды дайындау барысында осындай көрнекті тұлғаларды үлгі ету арқылы олардың рухани дамуына үлес қосуға болады.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Мемлекеттік қызмет істер агенттігі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тұлғалық болмысын қалыптастыру бойынша жүйелі түрде жұмыстарды атқарып келе жатыр. Қазіргі заманауи цифрлық дағдыларын ғана дамытып қоймай сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің рухани тұлғалық болмысын қалыптастыру. Себебі Мемлекет басшысы адам мемлекет үшін емес- мемлекет адам үшін деген қағидатын біз мемлекеттік қызметшілер берік ұстануымыз керек.

Ұлан Айхожа, автор:

- Әбіш Кекілбайұлы жазушы ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткері. Бұл кісінің кітаптарының көбі қаламгерлік, жазушылық жағынан көреміз. Бұл кітаптың ерекшелігі ол кісінің мемлекеттік қызметте жасағаны жайлы кеңінен баяндалады. Алғашқы Мемлекеттік кеңесші болғаны, Парламент Сенатында  депутат болғандығы оның алдында Кеңес одағы кезде мемлекеттік жауапты қызметтер атқарған. Сол барлығын осыған топтастырып жаздық. Ешкім біле бермейтін қызықты оқиғаларын топтастыруға тырыстық.  

Тұсаукесерге жиналғандар осындай дара тұлға жайлы кітаптар мемлекетшіл тұлға дайындауға үлкен үлес қосатынын жеткізді. Ал ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Әбіш Кекілбайұлының өнегелі өмірі жастарға үлгі.