Елде кедендік тексеру қағидалары өзгереді

Қаржы министрлігінің мәліметінше, енді кедендік тексерулерге куәгер ретінде тек мүдделі емес, кәмелетке толған және әрекетке қабілетті ел азаматтары ғана қатыса алады. 

Мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ тексеріліп жатқан компанияның қызметкерлері мен құрылтайшыларына куәгер болуға тыйым салынады. Мемлекеттік кірістер органдары тексеріліп жатқан тұлғаға жазбаша қарсылықты қарауды тоқтату немесе қайта бастауды міндетті түрде хабарлауы тиіс. Ол тапсырыс хат арқылы немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетке электронды түрде жіберіледі. Жаңа ереже 9 тамыздан бастап күшіне енеді.

Ұлдана Сүлеймен, ҚР ҚМ жұртшылықпен байланыс хатшылық басқармасының сарапшысы:
-
Өзгерістер тексерілетін тұлғаға кедендік тексерудің алдын ала актісін жолдау тәртібіне, сондай-ақ жазбаша қарсылықтарды ұсыну және оларды қарау тәртібіне қатысты. Енгізілген түзетулер техникалық сипатқа ие және терминологияны қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіруге бағытталған.