«Самұрық-Қазына» АҚ Семейде спорт кешенін салады
Семейде «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Аталған жоба өңір тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Құрылыстың басталуына орай өткен салтанатты шарада қор Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен облыс әкімі Берік Уәли арнайы капсула салу рәсіміне қатысты.
Жалпы ауданы шамамен 2 мың шаршы метр болатын екіқабатты кешенде спорттың әр түріне арналған залдар бар. 100 көрермендік трибуна, заманауи жаттығу залы болады. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 1,6 млрд теңге жұмсалады.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Жаңа ФОК-тың жалпы алаңы екі мың шаршы метрді құрайды. Екіқабатты кешенді осы жылдың аяғына дейін іске қосамыз. Бұл нысан жалпы 70 мың адамды тиісті спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етеді.
Құрылыстың капсуласын салу рәсімімен қатар «Самұрық-Қазына» қоры экологиялық акция ұйымдастырып, Бейбітшілік аралы аумағында көшет екті. Соңғы екі жылда қорға қарасты компаниялар тарапынан еліміз бойынша 6 миллионға жуық ағаш егілген.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:
- «Таза Қазақсан» экоакциясы - Мемлекет басшысының бастамасы. Біз үшін бұл - жай ғана акция емес, «Таза Қазақстан» - біздің күнделікті философиямыз. Себебі сыртынан да, ішінен де таза болу керек.
Роман Ковалев, Семей қаласының тұрғыны:
- Біз бүгін ұжымымызбен бірге тазалық шарасын қолдауға шықтық. Бұл біздің өлкеміз, оны күтіп таза ұстау әрқайсымыз үшін маңызды.
Бүгінде «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен еліміз бойынша 19 ірі спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Аталған кешендерде 700 мыңнан астам адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Биыл осындай нысандар Ақтөбе, Арқалық және Қонаев қалаларында да салынады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов