Алматыда әскери техниканы жөндейтін орталық алғашқы түлектерін шығарды
Алматыдағы жөндеуші кіші мамандар даярлайтын оқу орталығының алғашқы түлектері оқуын аяқтады.
Мерзімді әскери қызметшілер 4,5 ай ішінде тек армияда ғана емес, азаматтық экономика секторында да сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шықты. 2025 жылы Қорғаныс министрінің шешімімен құрылған мекемеде оқыту тоғыз бағыт бойынша ұйымдастырылған. Мұнда зымыран-артиллериялық қару-жарақты, сауытты автокөлік техникасын, сондай-ақ металл, ағаш өңдеуші, дәнекерлеушілерді, мотористерді және аккумулятор электриктерін жөндеу бойынша мамандар даярлайды.
Бахтияр Алтыбаев, оқу орталығының басшысы:
- Оқу қорытындысы бойынша курсанттар емтихандарды сәтті тапсырып, өз мамандықтары бойынша сертификаттар алды. Сонымен қатар әскери қызметшілердің 30%-ы келісімшарт бойынша қызметін жалғастыру туралы шешім қабылдап отыр. Бұл олардың ынтасының жоғарылығын және алған білімдерінің сұранысқа ие екенін көрсетеді. Қалған мамандар әрі қарай қызмет өткеру үшін әскери бөлімдерге жіберіледі.
Нұрдос Жұмабеков, қатардағы жауынгер:
- Армияға дейін автоэлектрик ретінде орта арнайы білім алғанмын. Мұнда сауытты машиналарды жөндеу мамандығын игеріп, өзіме ұнайтынын түсіндім. Келісімшарт бойынша қызмет етіп, осы бағытта дамуды ұйғарып отырмын.