Түркістан облысында мақта жаңа тәсілмен егіледі

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында шаруалар мақтаны жаңа тәсілмен еге бастады. 

Озық агротехнологияның көмегімен мақта шаруашылығына «қос жүйек» технологиясы енгізілді. Мамандар мұндай тәсіл өнімділікті екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтады.

Аязхан Қалыбеков ауылдық округінде орналасқан «Қалдан» шаруа қожалығы ауданда алғашқылардың бірі болып, мақтаға қос жүйек технологиясын енгізді. Бұл технология бойынша екі жүйектің арасы 6 сантиметр, ал қатар аралығы 90 сантиметр болады. Қожалықтың төрағасы Асылхан Қасымбеков биыл осы тәсілмен 40 гектар жерге мақта тұқымын сепкенін айтады. Сонымен қатар бұл әдіс су мен тыңайтқышты тиімді пайдалануға да оң әсерін тигізбек. 

Асылхан Қасымбеков, шаруа қожалығының төрағасы:

- Мақтаның өнімділігін арттыру үшін жаңадан Руминский селкіні қос қатар қылып егудің тәсілін қолданып, тәжірибе алмасып жатырмыз. Бұрын бір шит бір қатарға түсетін болса, қазір 6 см мына жағынан, 6 см мына жағынан 12 см екі шиттің ортасы. 35-40 центнерден өнім алып жүрген жерден 70 центнерге жеткізсек деген ниетпен қытай шитін егіп жатырмыз. 

Биыл аудан шаруалары жаппай озық агротехнологияларға көшіп жатыр. Себебі дәстүрлі егу тәсілі ескірген. Оған су тапшылығын қосыңыз. «Еккен өнім кеткен шығынды ақтамайды», - дейді шаруалар. Сондықтан су үнемдеу технологиясы мақтаға да енгізіліп жатыр. Биыл ауданда 35 мың гектарға мақта дақылы егіледі деп күтіліп отыр. Бүгінге дейін соның 2 мың гектарына мақта тұқымы себілген. Мамандар қос жүйек технологиясы өнімділікті арттыруға сеп болатынын айтады. 

Данабек Абатаев, аудандық Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Қарапайым егу тәсілінде 1 гектарға 25-26 келі мақта тұқымы кететін болса, жаңа технологиямен 37-40 келіге дейін 1 гектарға тұқым егіліп жатыр. Ол мақта дақылының өнімділігін екі есеге дейін арттырады. Сонымен қатар жерді тиімді пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Түркістан облысында мақта шаруашылығын инвестициялауға басымдық берілген. Өткен жылы өңірде 145 мың гектарға ақ алтын егілсе, соның 52 мың гектарына су үнемдеу технологиясы қолданылды. Нәтижесінде 466 мың тонна мақта дақылы өндірілді. 

Ақтөре Түймебек, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Биыл Түркістан облысында 162 мың гектарға мақта дақылы егіледі. Оның ішінде 79 мың гектары осы жаңа технологияны қолдану арқылы егу жоспарланып отыр. Жобаның тиімділігіне көз жеткіздік. Нәтижесінде оны басқа Мақтаарал, Жетісай аудандарына тарату мақсатында өткен жылдан бастап аталған тәжірибені қолға алдық. 

Мақтаға мемлекеттің қамқорлығы ерекше. Мәселен өсімдік шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдаудың 60 пайызы осы мақта шаруашылығына тиесілі. Тұқымды сатып алуға кеткен шығынның 50%-ы субсидияланады. Минералды тыңайтқыштарға 60%, су үнемдеу технологиясын енгізген жағдайда 80%-н мемлекет өтеп береді. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш