Әскерилер ардагерлерге құрмет көрсетті

Шығыс Қазақстан облысында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетуде.

«Біз - Жеңіс мұрагерлеріміз» атты халықаралық акция аясында олар ардагерлердің шаңырағына барып, үй шаруасына жәрдем берді. Майдангерлердің естелігін тыңдап, әскери фильмерді бірге тамашалады.

Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері Анастасия Светочева 103 жаста. Дегенмен, майдангер әлі де жауынгерлік рухын жоғалтпаған. Әдеттегідей ұлттық ұлан офицерлері мен жас сарбаздарды тік тұрып қарсы алды. Ұландықтар ардагердің үйіне жиі келіп, мерекені бірге қарсы алады.

Аңсар Шәкенов, 3477 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

-  Бұл енді бір ғана іс-шара емес. Айына келіп отырамыз. Өткен наурыз айында Наурызнама акциясы бойынша үйінің сыртын тазалап, сонымен қатар наурыз мерекесіне біздің Әйелдер кеңесі, оқушылар келіп бауырсақ пісіріп, мерекелік шара өткізіп тұрамыз. Бұл біздің ардагерлерге деген кішігірім алғысымыз.

Майдангер  жалғыз тұрады. Сондықтан үнемі қолдау қажет. Сарбаздар үй шаруасына жәрдем беріп, көңілін көтеру мақсатында оркестрдің сүйемелдеуімен соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.

Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 81 жыл толады. Дегенмен, оның  зардабы ешқашан ұмытылмақ емес. Кадет сыныбының курсанттары майдан даласында қан кешкен жерлестірінің өмірбаянын жатқа біледі.

Анастасия Светочева, соғыс ардагері:

 - Әскери бөлімнің басшылығы үнемі қоңырау шалып, денсаулығыма алаңдап, жағдайымды біліп тұрады. Үйге де жиі келеді. Түрлі естеліктер айтып, бір жасап қаламын. Әсіресе болашақ сарбаздармен әңгімелескен ұнайды.

Бүгінде тыл ардагерлерінің  де қатары сиреп барады. Солардың бірі – Иван Гагарин. Небары 8 жасында екі ауысымда жұмыс істеп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан. Соғыс жылдары тылдағы қазақстандықтар майданға мың жарым вагон киім-кешек, бес мың тоннадан астам астық пен 745 мың тонна ет жөнелткен.  Иван Гагарин кейін әскери қызметті таңдады. 90-жылдары  ол офицерлердің құқығын қорғап, жалақы мен жәрдемақыны уақытылы алдына атсалысты.

Иван Гагарин, тыл ардагері:

- Біздің елде үлкенді сыйлау дәстүрі берік орнаған. Әсіресе отанға адал қызмет еткен аға ұрпақтың ерлігін ұмытпайды. Осының өзі біз үшін ерекше құрмет деп білемін. Ұлттық ұланның «шығыс» өңірлік ардагерлер кеңесінің төрағасы Айдар Оразбаев  бірнеше мәрте қақтығыс алаңында ерлігімен көзге түскен. 1988 жылы Спитак қаласында болған жер сілкінісінен кейін зардап шеккендерді құтқарған.  Қазір ол мектепте жасөспірімдердің жауынгерлік рухын арттыру бағытында сабақ береді.

Айдар Оразбаев, «Шығыс» Ұлттық ұланы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

 - Иван Гагарин - шығыс өңірінде есімі елге белгілі ардагерлеріміздің бірі. Тылда тер төгіп, кейін әскери қызметте полковник шеніне дейін абыройлы қызмет атқарды. Ардагерді әскери бөлімде өтетін іс-шаралардан қылдырмай шақырып отырамыз. Жылдан жылға жасы да ұлғайып келе жатыр. Сондықтан кейде үйіне арнайы келіп жайдайын біліп тұрамыз.

Дастархан басындағы шуақты кездесу ардагерлердің көңілін марқайтады дейді ұландық офицерлер. Әрине, әскери қызметке енді қадам басқан жастарға да берері мол. Майдангерлер сөз арасында соғыстың қиындығын айтқанымен, соңын әрдайым «бейбіт өмірді бағалайық» деп батамен түйіндейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин