«Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсы бойынша 30 грант беріледі

Биыл дарынды жастарды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсы аясында 3 млн теңгеден 30 грант табысталады.

Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – өтінімдерді қабылдау болса, екінші кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және комиссия арқылы жеңімпаздарды анықтау. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, өтінімдер электрондық форматта  21 маусымға дейін қабылданады. Айта кетелік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» - Президент бастамасымен 2021 жылдан бері дарынды жастарды қолдауға арналған арнайы грант. Ол ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа және волонтерлік саласындағы жаңа идеяларды жүзеге асыруға бағытталған. Осы уақытқа дейін 153 жас азаматтың жобасына қолдау көрсетілді.

Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

- «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 2021 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен 6 бағыт бойынша тағайындалып келеді. Олар ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа, волонтерлік. Әрбір жеңімпаз өз жобасын іске асыру үшін 3 млн теңге алады. Конкурстың негізгі мақсаты практикалық маңызы бар және әрі қарай дамыту әлеуеті жоғары жобаларды ұсынуға, жүзеге асыруға дайын талантты, бастамашыл жастарды анықтау және қолдау.