Түркістан облысында «Жаңа қоныс-2026» жәрмеңкесі өтті
Жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге халқы тығыз оңтүстіктен көш биыл да жалғасады. Түркістан облысында «Жаңа қоныс-2026» жәрмеңкесі өтті.
Оған Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Павлодар және Қарағанды облыстарынан келген делегаттар тұрғындармен кездесті.
Түркістан облысына алты өңірде 130 делегат келді. Мақсат – кең байтақ жеріміздің солтүстік, шығыс, орталық өңірлеріне жұмыс күшін тарту. Оңтүстікте халық саны көп, бірақ жұмыссыздық басым. Ал солтүстікте керісінше. Сондықтан алыстан келген ағайын 12 мыңға жуық бос жұмыс орнын ала келген.
Ринат Құрманбаев, ШҚО Алтай ауданының әкімі:
- Жүзден аса бос орын бар. Оның ішінде дәрігер де, мұғалім де, газ-электр дәнекерлеушілері, әртүрлі мамандар қажет. Кеше ғана Сарыағаш, Сайрам аудандарына барып келдік. Бүгін Түркістан қаласында болдық. Егер ата-аналар Шығысқа келіп, жұмысқа орналасса, қолдарында балалары болса, оларға облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік грант беріледі.
Халық саны аз, жұмыс күші тапшы өңірлерге негізінен мұғалім, дәрігер, дәнекерлеуші, электрик сияқты қарапайым мамандар қажет. Бұл оңтүстіктегі тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік деуге болады.
Сайджан Ысқақов, қала тұрғыны:
- Менің мамандығым – электрик. Ұлытау обылсының берген ұсыныстары ұнады. Жұмыспен қамту жағы, баспанамен қамту жағы. Жеке мәліметтерімді алып қалды. Электрик мамандығы бойынша жұмыс тауып береміз деді. Жақын арада хабарласып, сөйлесеміз тағы да.
Ал көпабалылы Айдана Үшкемпір жәрмеңкеге анасымен бірге Бәйдібек ауданынан келген. Жолдасы – жүргізуші, өзі – мұғалім. Алайда мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Тұрақты жұмыс болса, қоныс аударуға ниетті.
Айдана Үшкемпір, Бәйдібек ауданының тұрғыны:
- Қарағанды облысы болып тұр әзірше, таңдап жатырмыз. Жұмысы да, айтып жатқан ұсынысы да жақсы болып тұр. Сол жаққа көшсек пе деген ойымыз бар. Тұрақты жұмыс болмағандықтан бұл жақта бірде бар, бірде жоқ.
Мыңдаған шақырымды артқа тастап, үлкен үмітпен келген кейбір делегаттар ұйымдастыру жұмыстарының жүйесіздігіне қынжылды. Олар Сайрам мен Сарыағаш аудандарындағы халықпен кездесу бір уақытқа жоспарланғандықтан екінші ауданға бару мүмкін болмағанын және тұрғындардың аз жиналғанын жеткізді.
Рүстембек Тақтанов, Абай ауылдық округінің әкімі:
- Халықтың саны аз болды. Негізі мүмкіндік болса, шалғайда жатқан ауылдарға ұйымдастырса жақсы болар еді. Себебі біз өзіміздің хабарландыруды таратқан кезде де алыстан хабарласып жатады. Сонымен қатар бізге жету де оңай еместігін айтып жатады. Бүгін Түркістанға келіп отырмыз. Бұл жерде де халық саны өте аз. Көбі студенттер келіп отыр екен. Бізден мәлімет алып жатқан отбасылар аз.
Қош, сонымен қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Жауаптылардың айтуынша, көшіп барған азаматтардың жол шығыны өтеледі. Одан бөлек, әрбір отбасы мүшесіне 302 мың теңгеден бір реттік көмек көрсетіледі. Тұратын баспанасының 1 жылғы ақысы төленеді. Ең бастысы, үй сатып алу үшін алғашқы жарна ретінде 7 млн теңге беріледі. Ал кәсіп ашамын деушілерге 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант қарастырылған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш