ШҚО-дағы ауылда ауызсу жүйесін жаңғырту жұмыстары бес жылда бітпей тұр

Шығыс Қазақстандағы Күршім ауданы Күршім ауылында орталықтандырылған ауызсу жүйесін жаңғырту жұмыстарының аяқталмай жатқанына 5 жылға жуықтап қалды. 

Осы уақыт ішінде жоба құны да шарықтап ,алғашқы сомадан 3 есе қымбаттап кеткен. Қазір тұрғындардың бір бөлігі бұрынғы желіден су ішіп отырса, қалғаны есік алдындағы құдыққа қарап отыр. Маңызды инфрақұрылымның осыншама созылуына не себеп?

Күршімде 7 мыңнан аса адам тұрса, соның тек 1300-і бұрынғы орталық құбырдан су алып отыр. Ал қалғаны құдық қазып амалдауда. Ғалия Бакотованың күнделікті тұрмыс-тіршілігі де осы колонкаға қарап тұр. «Кейде жер асты суы төмендеп құрылғы қаңсып қалады», - дейді ол. Ондай кезде көршілерден шелектеп су тасуға мәжбүр. Ал қыста тіпті қиын.

Ғалия Бакотова, Күршім ауылының тұрғыны:

- Кейде су келмей қалады, содан көршілерден тасып әкелемін. Ол да қиын мысалы, шелекпен тасып жүрген қыста қиын. Флягпен әкелеміз, бір фляг әкеп соны жеткізіп отырамыз, қиын шынымен.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің сөзінше, ауылдағы ескі желі жұртты ауызсумен толық қамтуға қауқарсыз. Сондықтан елді мекенде 2022 жылы су желісін жаңғырту жұмысы басталды. Алайда басталмай жатып, шикілік шықты. Сорғы станциясы салынған жерде су қоры аз екені анықталған. Сөйтіп ол нысанның орны ауыстырылып, 2 шақырымға жылжыды. Құдық саны артып, құбыр ұзарды. Ал бұның соңы ауқымды түзетулерге ұласты. Жоба құны да шарықтап шыға келді.

Толқын Искакова, Күршім аудандық ТҮКШ басшысының міндетін атқарушы:

- Жалпы құны басында 1 миллиард 978 миллион теңге болған, аяғындағы құны  біз  алғашқы жасағаннан кейін корректировкадан кейін 6 миллиард 513 миллион  теңге болып өзгерді, осы уақытқа дейін 855 миллион теңге қаржы бөлініп, қаржы игеріліп жатыр. 

«Әзірге мердігердің ісінде мін жоқ», - дейді мамандар. 115 шақырымдық құбыр  тартылып жатыр. Желі магистарлды тораптан үй қашасына дейін жеткізіліп отыр. Биыл облыстық бюджеттен 305 миллион теңге бөлінді. Енді тоң жібіген соң осы қаражат есебінен жұмыс жалғаспақ.

Рауан Тұрысбек, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басшысының орынбасары:

-  Жаңғырту жұмыстарына түзетулер жасалғаны рас. Бүгінгі күні барлық есеп қисап жүргізіліп, облыстық және салалық министрілікке бюджеттік өтінім берілді. Облыстан тиісті қаражат бөлінді. Ал қалғанын күтіп отырмыз.

Сонымен Күршімдегі ауызсу жүйесін жаңғырту биыл толық қаржыландырылады деуге сала өкілдерінің ауызы бармай тұр. Өйткені тұтас облыс бойынша сумен қамту  шараларына жалпы 6,5 миллард теңге қаржы қарастырылған екен. Бұл  былтырғыдан 3 есе аз сома. Енді жергілікті жұрт су жүйесін тарту тағы да өтпелі жобаға айнала ма деп алаңдаулы.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов