ШҚО-да 48 өрт оқиғасы тіркелді

Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымы басталғалы 48 өрт тіркелді. Оқыс жағдайлардың бәрі жер үйде болған, деп хабарлайды 24KZ.

Тілсіз жаудың тұтануына көбіне үйдегі пештерден шығатын ақау мен электр сымдарының тұйықталуы себеп. Сондықтан сала мамандары профилактикалық шараларды күшейтті. Яғни тұрғын үй секторларын аралап, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жылыту маусымы басталғалы сала мамандары алты мыңға жуық үйді тексеріп үлгерген. Оның басым бөлігінде көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұрады. Мұндай профилактикалық шаралар тек облыс, аудан орталығында ғана емес, ауылдар да жүргізіліп жатыр.

Көп тұрғындар қауіпсіздік шараларын ескере бермейді. Ал салғырттық салдары қайғылы жағдайға алып келеді. Тек осы тексеру шаралары нәтижесінде мамандар пешті дұрыс пайдаланбаған мыңға жуық олқылықты анықтады.

Ғабит Әбенов, ШҚО Глубокое аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Профилактикалық жұмыстың бірінші мақсаты – арнайы тіркеуде тұрған мекенжайларда жұмыс атқарып, соның ішінде сол мекенжайларда тұратын көпбалалы аналар және де алкогольді өнімдерді қолданатын адамдармен жұмыс істеу.

Иә, арнайы жүргізілген тексеру барысында мамандар өрт қауіпі жоғары жағдайларды анықтап, оның алдын-алу жолдарын қарастырады. Сондықтан да тексеру тобының құраманы жергілікті билік өкілдері мен әлеуметтік қызметкерлер бар. Олар әлеуметтік осал топтағы жандарға қолдау шараларын көрсетеді. Яғни көмір сатып алу, тіпті жұмысқа орналасуға да жәрдемдеседі.

Руслан Асанов, Глубокое ауылының әкімі:

– «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ауылда 212 профилактикалық іс-шара өткізілді. Жергілікті тұрғындар да мұндай шараларды жақсы қабылдайды. Былтырғы жылмен салыстырғанда ауылда атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 51 пайызға қысқарды.

Мамандар көпбалалы отбасылардың үйлеріндегі пеш мұржаларын тазартып, улы газға қарсы дабыл қондырғыларын орнатып берді.

Тілек Манарұлы, ШҚО ТЖД басқармасының аға инженері:

– Соңғы алты жылда 17 мыңнан астам улы газ датчигі орнатылды. Жылыту маусымы басталғалы 300-ге жуық датчик орнатылды.

Айталық, соңғы жылдары орнатылған осындай құрылғылардың көмегімен мамандар тілсіз жаудан 42 адамның өмірін сақтап қалған. Жалпы, профилактикалық шаралар аясында құтқарушылар 500-ге жуық пешті қалпына келтіріп, дұрыстап берді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Вячеслав Ветлугин

Сондай-ақ оқыңыз: