Ақтөбеде саябақтар абаттандырылып жатыр

Ақтөбеде биыл 26 шағын саябақ абаттандырылады. Бұл жұмысқа жергілікті кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдар үлес қосып жатыр.

Әлеуметтік жауапкершілікті сезінген кәсіпкерлер күтімсіз қалған жерлерді қалпына келтіріп жатыр. Қазір бірнеше алаңда жұмыс қызған. 

Қала орталығындағы мына алаң абаттандырылып жатыр. Шаһардың көркін ашатын демалыс орындарының бірі болады. Қазір жаяу жүргіншілер жолы төселуде. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады. Шағын демалыс саябағын жаңғыртуды жергілікті мекеме міндетіне алған. Құрылыс жұмыстары үш апта бұрын басталды. Жұмысшылар мамыр айының соңына дейін тапсырамыз дейді.

Данияр Ғани, учаске бастығы:

- Қазіргі таңда брусчатка төселді және де 16 шамдарына тоқ жүргізіліп қойды. Сонымен қатар 4 орындық, 4 қоқыс урнасы орнатылады. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары  басталады. Соның ішінде бізде жасыл қақпа болады, «живая изгородь», «клевер» төселеді.

Чернышевский және Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы сквер де абаттандырылып жатыр. Қараусыз қалған аумақты облыстық корей қауымдастығының өкілдері қалыпқа келтіруде. Алдымен  қоқыс пен қураған ағаштан тазартылып, ескі ғимарат бұзылды. Алдағы уақытта мұнда көшеттер егіліп, суару жүйесі жүргізіледі.

Юрий Шек, «Ақтөбе облысы корейлер қауымдастығы» ҚБ төрағасы:

- Біз бұл аумақты биыл абаттандырып қана қоймай, егер әкімдік рұқсат берсе, бірнеше жыл күтіп ұстағымыз келеді. Қажет болса, кроссфит алаңын да орнатамыз. Жалпы тұрғындардың демалып, тынығатын орнына айналдырғымыз келеді.

Биыл облыс орталығында 20-дан аса демалыс орны қалыпқа келтіріледі. Кәсіпкерлер абаттандыру жұмыстарын аяқтаған соң, нысандар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміне беріледІ.

Бейбарыс Серіков, Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:

- 2026 жылы 26 скверді қолданысқа береміз деген жоспарымыз бар. Олардың құрылысы басталып кетті. Бұл жерде жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары және жаяу жүргінші жолдарының брусчаткасын ауыстыру және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осылайша, кәсіпкерлер саябақтар, скверлер мен аллеяларды абаттандыруға үлес қосуда. Былтыр облыс орталығында 15 қоғамдық орын жаңартылған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев