Ауылдық округтердің бюджетін мүлік салығы мен лицензиялық алымдар есебінен кеңейту ұсынылды

Мәжіліс

Ауылдық округтердің бюджетін мүлік салығы мен лицензиялық алымдар есебінен кеңейту ұсынылды.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Президенттің тапсырмаларын, соның ішінде мәслихат депутаттарының форумдарында айтылған міндеттерді орындау үшін әзірленді. Ол жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге және әкімдердің диалог алаңын дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, ұғымдарды нақтылау, жергілікті қоғамдастық жиындары мен жиналыстарын өткізу тәртібін реттеу ұсынылады. Заң жобасындағы жаңалықтардың ішінде – кірістердің бір бөлігін ауылдық округтер деңгейіне беру бар. Бұған заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы, сондай-ақ тіркелген жері бойынша құжат тапсырғанға немесе рұқсат алғанға дейін төленетін лицензиялық алымдар жатады. Бұдан бөлек, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту, соның ішінде аумақтық өзін-өзі басқаруды дамыту шаралары ұсынылады. Мәслихаттар қызметінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылған: депутаттардың өкілеттіктері, жауапкершілік шаралары мен әлеуметтік кепілдіктері нақтыланады. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының өз сайлау округтерінің тұрғындары алдында әр жарты жыл сайын міндетті түрде есеп беруін енгізу ұсынылады. Мәслихат отырыстары онлайн режимде көрсетіліп, депутаттық сауалдар көпшілік алдында жарияланатын болады. Заң жобасында мәслихат аппаратының басшысын қызметке тағайындау және босату тәртібі анықталып, оның өкілеттіктері бекітіледі. Мәслихат төрағасын қайта сайлау мүмкіндігі екі мерзіммен шектеледі. Сондай-ақ заң жобасы аясында ауыл әкімдерінің функционалдық міндеттері қайта қаралады.