«Алтын шаңырақ»: этносаралық аламан айтыс

Астанада алғаш рет «Алтын шаңырақ» республикалық этнос-аралық аламан айтыс өтті.

«AMANAT» партиясының қолдауымен өткен мүшайраға республикалық айтыстарда топ жарып жүрген 12 танымал ақынмен бірге, түрлі этнос өкілдерінен 12 өнерпаз сөз барымтасына түсті. «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек дүбірлі дода бірліктің, достықтың, татулықтың, өнерге деген жанашырлық пен құрметтің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Ал Аламан доданы белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай тізгіндеді. Айта кетейік, белгілі айтыс ақындары бірнеше ай бойы түрлі этнос өкілдерін сөз өнеріне баптап, оларды айтыс сахнасына алып шықты. Осылайша, сахна төрінде башқұрт, корей, неміс, нигериялық, өзбек, моңғол, молдаван, орыс, ұйғыр, украин және қырғыз этностарының өкілдері қазақ тілінде суырыпсалма өнер көрсетті.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстанның бүгінгі айтыс көшіндегі мықты, майталман ақындарымыз әрбір этнос өкілдерінің талантты жастарын таңдап алып, соларды балапандай баптап, бүгін айтыс бәйгесіне қосайын деп өздері ұстаз болып айтысқа әкеліп отыр.