СҚО-да су ресурстары зерттеледі

Солтүстік Қазақстан облысында жерасты және жерүсті су ресурстары зерттеледі. Ғалымдар өзен-көлдер мен тоғандардан сынама алып, кешенді сараптама жасайды.

Судағы адам ағзасына зиян тигізетін заттар тексеріледі. Экологиялық жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қолдау тапты. Жобаны іске асыруға 3 млрд. теңге грант бөлінді.  

Петропавлдық ғалымдар табиғи су ресурстарын жан-жақты зерттеп, оның адам ағзасына, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына тигізіп жатқан әсеріне талдау жасайды. Құрамындағы қатты металлдар мен органикалық ластаушы заттардың мөлшерін анықтайды. Сонымен қатар су тасқыны кезеңіндегі эпидемиологиялық жағдайды тексереді. 

Дмитрий Берилло, жобаның ғылыми жетекшісі: 

- Жоба аясында алты зертхана ашылды. Қазір судың сапасын бағалау зертханасы аккредитациядан өтіп жатыр. Мұнда өзен, көл және тоғандардың суы тексеріледі. Сонымен қатар құдықтың суына сараптама жасалады.

 Ғылыми жоба 2027 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Оған мемлекет тарапынан 3 млрд. теңге қайтарылмайтын қаржылай қолдау қарастырылған. Әзірге мамандарға зертханалық жұмыстарға озық қондырғылар сатып алынды. 

Вероника Земцова, зертханашы:

- Сараптама кешенді түрде жасалады. Судың сапасы 40 минуттың ішінде белгілі болады. Анион мен катион, яғни: аммоний хлориді мен сульфат пен басқа да химиялық заттар қатар анықталады.

Ғылыми жоба қорытындысы бойынша өңірдің экологиялық-гидрологиялық картасы әзірленеді. Электронды платформада ласталған аумақтар енгізіледі. «Бұл қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков