Орталық Азия корейлеріне арналған көрме ашылды
Оңтүстік Кореяда Орталық Азиядан келген этникалық корейлерге арналған фотокөрме ашылды.
Экспозицияны Koryoin Global Network қоғамдық ұйымы дайындады. Мұнда үш елдің, соның ішінде Қазақстан авторларының туындылары ұсынылған. Отандастарымыз Владимир Хан мен Татьяна Ким де суреттерін көрмеге қойған. Онда қазақстандық этномәдени орталықтардың мүшелерін, Алматы корей театрының әртістерін және Алатау қаласының құрылысын көруге болады.
Евгения Цхай, Koryoin Global Network президенті:
- Қазақстан қазақ жерінде өсіп-жетілген корей ұлдарымен мақтана алады. Себебі біз мұнда, тарихи отанымыз – Кореяға оралған соң да, лайықты өмір сүруге тырысамыз, өйткені біз – қазақстандық диаспораның айнасымыз. Әрине, әрбір іс-шара мен осындай көрмелер жергілікті тұрғындардың тек қазақстандық корейлерді ғана емес, жалпы Қазақ елін жақынырақ тануына мүмкіндік береді.
Владимир Хан, фотограф:
- Болашақ Кей-парк аумағында қазық қағу сәті. Осы фотосурет арқылы мен Қазақстан корейлері ел азаматтары екенін, олардың өзін көрсете білген әрі жасампаздыққа дайын мықты диаспора, қуатты этнос екенін атап өткім келді. Олар бүкіл Қазақстан үшін жаңа кеңістік құрып жатыр.