Алакөлде құтқару бөлімшесі ашылды
Абай облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында екі жаңа нысан ашылды.
Олардың бірі – Ақсуат ауданындағы Қызылкесік ауылында орналасқан өрт сөндіру бекеті болса, екіншісі – Алакөл жағалауында ашылған құтқару бөлімшесі. Жаңа нысандар өңірдегі қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтып, әсіресе жаз мезгілінде туристер көп шоғырланатын Алакөл аймағында жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырады. Салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.
Алакөл жағалауындағы жаңа құтқару бөлімшесі заманауи техникалармен жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда 6 арнайы техника, 2 құтқару катері мен 2 гидроцикл бар. Сонымен қатар бөлімшеде медициналық пункт, диспетчерлік орталық, оқу сыныптары және құтқарушыларға арналған демалыс бөлмелері қарастырылған.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Былтыр біз осы бағытқа 1 миллиард теңге бөлген болатынбыз. Соған жұмыстар атқарылды. Мына жерде қоғамдық кеңістік жасалды. Жағалауды ретке келтірдік. Ал биыл біз 10 миллиард теңге осы жағалауда жұмыстарды жалғастыру үшін осыншама қаржы қарастырып отырмыз. Бұл қаражат инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, цифрлық шешімдерді енгізуге, бейнебақылау жүйелерін орнатуға және тұрақты мобильді интернетпен қамтамасыз етуге бағытталады.
Жаңа бөлімше ЖИ негізінде жұмыс істейді. Шомылушылар белгіленген қауіпсіздік шегінен асып кетсе, жасанды зерде енгізілген жүйе автоматты түрде дабыл береді. Жалпы жағалауда 17 құтқару мұнарасы орнатылып, 35 маман даярланған. Шомылу маусымы кезінде 20 қызметкер, 10 техника, 5 жүзу құралы және үш өрт сөндіру техникасы тұрақты қызмет атқарады.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Мақсатымыз – демалуға келген әр адам, ол жергілікті тұрғын болсын, турист болсын өзін қорғалған, әрі қауіпсіз ортада сезіну қамтамасыз ету. Қарапайым тұрғыннан бастап шетелдік қонаққа дейін 112 белгісін көрген сәтте көмек дер кезінде жететіне сенімді болуы қажет. Енді жағалауда тұрақты кезекшілік ұйымдастырылып, кез келген төтенше жағдайға әрекет ету мүмкіндігі артады.
Ал Ақсуат ауданындағы өрт сөндіру бекеті 1 стационарлық және 1 мобильді радиостанциямен жабдықталған. Қызмет көрсету аумағына Қызыл кесік, Егіндібұлақ және Үштөбе ауылдары мен 40-тан астам шаруа қожалықтары кіреді. Биыл жыл соңына дейін өңірде тағы 12 бекет ашу жоспарлануда.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков