Атырау облысында өзендер арнасы тереңдетіліп жатыр

Атырау облысында су тапшылығын азайту бағытында ауқымды жұмыс басталды. 

Қиғаш және Шора өзендерінің 128 шақырым арнасы тереңдетіліп жатыр. Бұл бастама Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мен өзен салаларының тартылуына байланысты қолға алынды. Былтыр шілдеде Құрманғазы ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Осы жағдайға байланысты «Бір терезе» қағидаты негізінде 40 млрд теңге қаржы бөлініп, маңызды жобалар жүзеге аса бастады. Қазіргі таңда аудан аумағында екі ірі жоба қатар жүріп жатыр. 

Өткен жылдың қараша айында іске кіріскен мердігер мекеме 5 айда айтарлықтай жұмыс атқарған. Олар ұзындығы 40 шақырымға жуықтайтын Ягодный, Көкарна, Сұрхан, Тухлый, Қызылжар секілді 5 каналды тазалады. Оның екеуі дайын.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл – Құрманғазы ауданының орталығын аралап ағатын «Ягодный» өзегі. Оның таязданғаны соншалықты, кейбір жері батпаққа айналып кеткен болатын. Қазір оның тереңдігі 2-2,5 метрге дейін жеткен.

Былтыр аудандағы су тапшығына байланысты жарияланған төтенше жағдайға байланысты екі жобаға мемлекет қолдауымен аудандық бюджеттен 40 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Жалпы жоба бойынша 128 шақырым қазылу керек. Қазір түп тереңдетушілер аршылған аумақтан шыққан үйінділерді тегістеп жатыр.

Әлібек Жұмағұлов, мердігер мекеменің өкілі:

- Қазу жұмыстары тоқтатылды. Өйткені нерест-балықтың уылдырық шашатын кезі. Сондықтан маусымның 15-не дейін қазір қазу жұмыстары жүрмейді. Тек рекультивация қыстай қазылған жерлер бар, соны жағаны тегістеп, осыдан кейін Сұрханға, сосын Көкарнаға барамыз.

Биыл каналда қызу жұмыс жалғасатын болады. Атап айтқанда, Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және «Жарқосын» су арнасы мен «Ганюшкино» каналының теңізге қосылатын аумағын аршу міндеті тұр. Атқарылған жұмысқа ауыл тұрғындары дән риза. «60 жыл бойы құмыққан каналдар аршылса, малға да, жанға да жайлы болды», - дейді ауыл қариялары.

Ержан Ғайнетов, Құрманғазы ауылының тұрғыны:

- Біздің мына тұрған жеріміз өткен ғасырдың 60-шы жалдары қазылып еді. Сонан кейін бұл деген құрғап қалды. Шамалы су келгенде келеді, су кеткенде кері қайтады. Енді мына тереңдетіп қазғаннан бері қарай осының пайдасы ғой енді. Мал ұстайды егін егеді, қармақ салады деген сияқты қазір өте күшті жағдай жасалып жатады. 

Аудан аумағындағы өзендерді аршу жұмыстары шілде айында қайта жалғасады. Биыл 60 шақырым арна тазартылуы керек. Ол мақсатқа аудандық бюджеттен 7 млрд теңге қаралған.

Ренат Нұғыманов, Аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Бізде жылдан жылға су көлемі өзендерде азайып жатыр. Соған байланысты мал шаруашылығында суаратын жерлердің азайып кетуі. Сонымен қатар тұрғындарға суды Шора өзенінен аламыз, тұрғындарға су береміз ауыз су, тазалап, сол су көлемі азайып кету қаупі болды. Қазіргі таңда су көлемі ұлғайды.

Аудандағы су тапшылығына орай қабылданған техногендік сипаттағы төтенше жағдай жыл аяғына дейін жалғасады. Ол қаражат көзін оңтайландырып, межеленген жұмыстың мерзімінде аяқталуына игі ықпал етпек. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин