Kazakhstan Fashion Week: 17 дизайнер бірегей сән топтамасын ұсынды

Елордада сән апталығы басталды. Kazakhstan Fashion Week 38-ші рет шымылдығын түріп, отандық 17 дизайнер күз-қыс маусымына арналған жаңа топтамаларын ұсынды

Әр сән үлгісі ұлттық болмысымызды заманауи тілде көркем суреттеп, талғампаз қауымның көңілінен шықты. Өнер мерекесінде Ресей, Орталық Азия, Еуропа елдерінен келген шетелдік дизайнерлер де подиумнан табылды. Ұйымдастырушылар фэшн-апталық елорданың қарбаласқа толы күнделікті өміріне көктемгі шуақ сыйлағанын атап өтті. Көрсетілім ертең де жалғасады. 

Аида Қауменова, дизайнер:

- Сән саласында біздің сән үйі 20 жыл келе жатыр. Kazakhstan Fashion Week Астана подиумына көрсететін жаңа топтама «Роза в розах» деп аталады. Неге десеңіз, осы топтаманы қазақтың дарынды қызы Роза Рымбаеваға арнадық. Өйткені ол биыл сахнадағы 50 жылдығын атап өтті.

Баян Алагөзова, актриса, продюсер:

- Біз алматылықтармыз ғой. Біз үшін бұл – үйреншікті орта. Сән әлемінің өкілдерімен күнделікті етене араласамыз. Астана үшін бұл – жаңа дүние. Жаппай қызығушылық енді оянғанын байқаймыз. Сән деген тек киім тігу емес, ол тұтас шығармашылық. Сондықтан сән әлемі де өнермен тең құрметке лайық.