Қазақстанда жаңа суперкомпьютер іске қосылады

Фото: depositphotos

Қазақстанда деректерді өңдеудің жаңа орталықтарының құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ

«Деректерді өңдеудің жаңа орталықтарының құрылысы жүргізілуде, биыл қараша айында Қосшы қаласында Алматыдағы орталықтан үш есе қуатты суперкомпьютерді іске қосу жоспарлануда», — деп атап өтті Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Ол бұл бағытта «Қазақтелеком» АҚ еліміздегі деректерді өңдеу орталықтарының ең ірі желісін басқаратынын хабарлады. Олар – 1,7 мыңнан астам серверлік тірек, 25 МВт қуаттылық, нарықтың 47%-ы.  
Өткен жылдың қазан айында Алматыда өнімділігі 1,5 петафлопс болатын AI-Farabium суперкомпьютері іске қосылды. Бүгінде ол әлемдегі ең өнімді суперкомпьютерлер арасында 103-ші орында тұр, оның есептеу қуаты 100% жүктелген.

Бұдан басқа, «Қазақтелеком» Екібастұз қаласында Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын салу жөніндегі жобаның операторы болып белгіленді. 20-дан астам гиперскейл-компаниялармен келіссөздер жүргізілуде, 100 МВт-тан астам алдын ала сұраныс жасақталды.