Еуропаға жаяу жеткен қарияға атақ берілді

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Көрнекті жиһанкез, туризм саласының үздігі Сәрсенбай Қотырашов «Құрметті спорт қызметкері» атанды. Марапатты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев табыстады, деп хабарлайды «24kz».

Сәрсенбай Қотырашов 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырымнан астам жол жүрген. Бұл жетістігі арқылы ол отандық рекордтар кітабына енген.

Саяхатшы кейінгі жылдары да халықаралық жаяу сапарларын жалғастырып келеді. 2023 жылы Атыраудан жолға шығып, Кавказ өңірі мен Грузия арқылы Түркияның Стамбул қаласына дейін жаяу жеткен. Ал 2024 жылы Өскеменнен басталған сапарында Алтай, Моңғолия арқылы Қытайдың Бейжің қаласына дейін барған.

2026 жылғы 3 наурызда басталған кезекті сапарында 76 жастағы жиһанкез Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция аумақтарын жаяу жүріп өтіп, жуырда елге оралды.

Марапат иесінің өмір жолы мен табандылығы отандық туризмді дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлгі ретінде бағаланып отыр.