Заңсыз ойын бизнесі: 2,8 млрд теңге тәркіленді
Шымкент тұрғынының заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Оның бақылауымен мобильді қосымша арқылы покер клубы форматындағы онлайн-казино қызмет көрсеткен.
Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қылмыстық әрекет аталған азаматқа аса ірі көлемде заңсыз табыс әкелген.
Бірінші сатыдағы сот Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолдана отырып, оған шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Заңсыз алынған қаражатты тәркілеу мәселесі сол кезде шешілмеген.
Бас прокуратураның шағымы негізінде кассациялық сот шартты жазаны жойып, 4 жылға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Мемлекет пайдасына онлайн-казино арқылы алынған 2,8 миллиард теңге көлеміндегі заңсыз кіріс өндірілді.