Ақтөбеде пәтерлерді кезексіз таратқан шенеунік 7 жылға сотталды
Ақтөбеде мемлекеттік тұрғын үйді заңсыз бөлген шенеунік жауапқа тартылды, деп хабарлайды 24KZ.
Ақтөбе облысы прокуратурасының дерегінше, кезекте тұрмаған азаматтарға пәтер беру фактілері анықталды.
«Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ-нің бұрынғы басшысы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, кезекте тұрмаған тұлғаларға пәтер бөлуді ұйымдастырған, - делінген құзырлы орган хабарламасында.
Тізімге заңсыз 15 азаматтар енгізілген. Схема бойынша бастапқыда тұруға жарамсыз тұрғын үйлерді беріп, кейін оларды жайлы пәтерлерге ауыстырып, тұрғын үй комиссиясымен заңсыз шешімдер қабылдау арқылы жүзеге асырылған.
Пәтерлер жекешелендірілген және сатылған, бұл пайдакүнемдік ниетін растайды. 2026 жылдың 29 сәуірінде, Ақтөбе қаласы № 2 сотының үкімімен кінәлі тұлға 7 жылға сотталды.