Павлодарда бес мың түлек ағаш екті
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы «Түлек ағаш егеді» экочелленджіне Павлодар облысынан бес мыңға жуық мектеп бітіруші қатысты.
Осылайша, мыңдаған жас ортақ іске бір адамдай жұмылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ағаш егу шарасы бүгінде бірлік пен табиғатқа деген қамқорлықтың символына айналғандай. Павлодарда «Алтын белгі» үміткерлері мен үздік аттестат иегерлері Ертіс жағалауындағы саябаққа 140 қарағай көшетін екті. Жергілікті атқарушы билік, ата-аналар мен демеушілер де қолдау көрсетіп, көгалдандыруға белсенді атсалысты. Бұл бастама түлектер үшін экологияны сақтауға және жасыл орта қалыптастыруға қосқан маңызды үлес болды.
Аружан Сабыр, оқушы:
- Бүгінгі акция бұл – «Таза Қазақстан» акциясы, бұл жай ғана ағаш отырғызу туралы акция емес, бұл біздің болашаққа деген жауапкершілігіміз туралы акция болып табылады деп ойлаймын, яғни әрбір отырғызылған ағаш ол біздің елімізге деген құрметімізді, табиғатқа деген жанашырлығымызды көрсетеді.
Светлана Гладышева, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл – қала тұрғындарының сүйікті саябақтарының бірі. Шаһарымыздың жасыл желек қорын жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Мектеп бітіруші түлектердің осы іске өз үлесін қосып жатқаны қуантады. Бүгінгі күні құлағалы тұрған кәрі ағаштардың орнын жас көшеттер алмастырып жатыр.