Елде вандализм азаймай тұр
Ақмола облысында жасөспірімдер спорт нысандарын бүлдіріп, жабдықтарды ұрлаған. Полицияның мәліметінше, бұл іске үш жасөспірімнің қатысы бар деген күдік бар.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір олардың басқа адамдармен байланысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Бірер аптадан кейін футболдан жасөспірімдер арасында ел біріншілігі басталады. Алайда бұған астаналық sd family командасы дайын емес. Себебі құраманың Нұрлы ауылындағы жаттығу базасын жергілікті жастар қиратып кеткен. Камераларды сындырған, төсенішті тұтатқан, сондай-ақ жабық бөлмедегі 150 допты жымқырған.
Ділмұхаммед Қайрат, кәсіби футболшы:
- Бұл жерде жаттыға алмаймыз. Ата-анамыз келсе ұят. Сынықтарды көргенде ойнағымыз келмейді.
Футбол алаңының есігі доп тебем деген адамға күндіз-түні ашық. Нысанның иесі Айсұлтан Бақытбекұлы ауыл балаларынан қаржы алмай, тегін ойнатады. Алайда жасаған жақсылығымыз бізді шығынға батырды дейді.
Айсұлтан Бақытбекұлы, кәсіпкер:
- Бұл жерде жөндеу жұмыстары, қалыпқа келтіру 3 миллионнан асады. Одан бөлек 100 комплект «экипировка» жоқ. Бейнекамераларды да сындырып кеткен.
Полиция жедел іздестіру шараларының нәтижесінде кәмелетке толмаған 3 баланы күдікті деп таныды. Қазір мүліктің бүлінуі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Амандос Мыңжанов, Ақмола облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
- Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің сүйемелдеуімен полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта екі жақтың дәлелдері тексерілуде.
Әдетте бөтеннің мүлкін қасақана жойған немесе бүлдіргендер 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 5-20 тәулікке қамалады. Ал бұл жағдайда стадионды қиратқан жаөспірімдердер жауапқа тартылуы мүмкін. Заңгер осылай дейді.
Григорий Громов, заңгер:
- Бұл жерде біздің жасөспірімдерге бұзақылық қылмыстық жауапкершілік екенін ескертуіміз керек. Ерекше әлеуметтік мінез-құлықты білдіру бұл - 293 – бап. Яғни топтасып мүлікті қирату, өзгелерге зорлық-зомбылық жасау. Осы 293-баптың бірінші бөлігі бойынша бізде, тиісінше, 16 жастан басталады. Бірақ 2-бөлім бойынша, бұл бұзақылықты адамдар тобы алдын-ала сөз байласу арқылы жасаған кезде, жауапкершілік 14 жастан басталады.
Стадионның иесі Айсұлтан Бақытбекұлы балалардың өміріне балта шапқысы келмейді. Тек алаңның қайта қалыпқа келгенін қалайды. Әрі елде вандализм дерегі азайса деген тілегі бар.
Авторы: Әлішер Әли