Елдегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар «бір терезе» қағидаты бойынша тіркеледі
Бірінші маусымға дейін елдегі дәрілік заттардың бағасына дерегуляциялау жұмыстарын жүргізу процесі аяқталуға тиіс.
Ал шілде айы басталмай тұрып, дәрі-дірмек пен медициналық бұйымдар «бір терезе» қағидаты бойынша тіркелуі қажет. Осылайша, дәрілерді нарыққа шығару мерзімін қысқарту жолға қойылады. Тиісті тапсырманы бүгін Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне жүктеді. Олжас Бектенов жиында фармацевтикалық өнім өндірісін ұлғайту, технологиялар трансфері және халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағыттарында мемлекет пен бизнес бірлесіп жұмыс істеуі керек, деді. Сондай-ақ Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі органдармен бірігіп, қосылған құн салығының бірыңғай жеңілдетілген мөлшерлемесін белгілеуді тапсырды. Сонымен қатар министрлік, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарды импорттау және өткізу кезінде салық салу тәсілдерін біріздендіруге тиіс.