Жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыру рәсімі жетілдіріледі
Елде жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімі жетілдіріледі.
Азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде, кемінде 10 күнтізбелік күн аралығын сақтай отырып, шектеусіз тапсыра алады. Емтихан өткізу процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Жаңа норма рәсімді анағұрлым қолжетімді етіп, артық шектеулерді алып тастауға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Автомектептердің қызметін лицензиялауды енгізу жоспарланып отыр. Жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болған жағдайда, лицензия толық кері қайтарылып алынуы мүмкін.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауда. Атап айтқанда емтихан тапсыру әрекеттерінің санына қойылған шектеулер алынып тасталады. Сондай-ақ практикалық емтиханды мерзімінен бұрын қайта тапсыру мүмкіндігі енгізіледі. Яғни әр 10 күн сайын ақылы негізде тапсыруға болады. Бұл ретте азаматтар үшін тегін қайта тапсыру құқығы сақталады. Ол - 30 күнде 1 рет.