«Е-Otinish» ақпараттық жүйесінің құрылғанына – 5 жыл

16 миллионнан астам өтініш. 3 миллионнан аса пайдаланушы. Бұл – жай ғана цифр емес, мемлекет пен халық арасындағы тікелей диалогтың нақты көрінісі. 

5 жыл ішінде «E-Otinish» ақпараттық жүйесі еліміздегі ең ірі цифрлық байланыс алаңына айналып үлгерді. Бүгін елордада «e-Otinish» - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі құралы» тақырыбында өткен конференция барысында цифрлық платформаның тиімділігі сөз болды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Президенттің бұл бастамасын жүзеге асыруда «Е-Otinish» ақпараттық жүйесінің құрылуы маңызды қадам болды. 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Демек халық пен билік арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеру стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Осылайша, азаматтар мемлекеттік мекемеге бұрынғыдай қағаз жүзінде емес, цифрлық платформа арқылы жүгіну мүмкіндігіне ие болды.

Бүгінгі конференция барысында сөз алған Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев 5 жыл ішінде бұл платформа ашықтық пен есептілікке негізделген жаңа мемлекеттік қызмет этикасын қалыптастырғандығын мәлімдеді.

Ержан Жиенбаев, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі:

- Бүгінде «E-Otinish» – еліміз бойынша 3 миллионнан астам өтініш беруші пайдаланатын ең танымал платформаға айналған. Жүйеде азаматтардан келіп түскен 16 миллионнан астам өтініш жинақталған. Бұл көрсеткіштер халықтың жоғары сенімін және ақпараттық жүйенің тұрақты жұмысын дәлелдейді. Қазіргі таңда пайдаланушылардан мемлекеттік органдардың жауаптарына қатысты 1 миллионнан астам тікелей баға алынған. Азаматтардың қанағаттану деңгейі – 60 пайыздан жоғары. Ел бойынша 380 мың қызметкер күн сайын тұрғындардың сұранысына жауап дайындауға атсалысып отыр.

Демек заңмен белгіленген тәртіпте мемлекеттік орган бұл арыз-шағымға міндетті түрде қысқа уақытта тиісті жауабын беруі қажет және солай болып та жатыр. Жиында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева «e-Otinish» Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру жөніндегі стратегиялық бағытының іс жүзінде жүзеге асқан көрінісі екенін атап өтті. Бүгінде қоғам мен билік арасындағы диалогты жаңа деңгейге шығарған платформа шамамен 50 мыңдай мемлекеттік орган мен ұйымды біріктірген толыққанды мемлекеттік экожүйеге айналған.

Бауыржан Таңсықбаев, «E-Otinish» жобасының жетекшісі:

- «Е-Otinish»-тің басты ерекшелігі – бұрын азаматтар кез келген мемлекеттік мекемеге жүгінген кезде солардың жеке ақпараттық жүйесі арқылы құжаттарын рәсімдейтін. 5 жыл бұрын бұндай платформалардың саны 50-ге жететін. Яғни барлығы әділ болмайтын. Нақты бір қадағалау жоқ еді. Қазір барлығы орталықтандырылды. Демек жоғары тұрған орган – Президент Әкімшілігі, Үкімет Аппараты, облыстық әкімдіктер онлайн түрде тиісті сараптама жүргізе алады.

Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева  Президент атынан қоғам мен билік арасындағы қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды табыстады.

Авторлары: Риат Шони, Досбол Байділдин