Сейсмология саласында ынтымақтастық артады

Орталық Азия елдері апаттар қауіпін сейілтуге мүдделі. Ол үшін арнайы талдау жүйесі құрылып, цифрлық дамуға басымдық берілмек. 

Ташкентте өткен зілзала құрбандарын еске алуға арналған халықаралық конференцияда аймақтың сейсмологиялық жағдайы, қауіп қатерді ерте хабарлау жолдары талқыланды. 

Қазақстан «Орталық Азиядағы апаттар қауіпін сейілту жүйесін нығайту» бастамасын іске асырады. Жиында сөз алған Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов: «Біз оны ресми сипатқа ие механизм ғана емес, қауіпсіздік саласындағы өзара ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыратын құрал ретінде қарастырамыз», - деді.

Жапсарбай Сұлтанбеков, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директоры:
- Қазақстан тарапы бүгінгі жиында қауіпті ерте ескерту жүйесін көпшілікке таныстырды. Қазір ол Алматы алгомерациясында нәтижелі жұмыс істеп тұр. Жалпы сала мамандары үшін мұндай жиындардың берері мол. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасу өте маңызды.

Өзбекстан аумағының 94 пайызында сейсмикалық белсенділік жоғары. Осыдан тура 50 жыл бұрын Ташкент қаласында магнитудасы 8 балдық жер сілкінісі тіркелген. Шаһар жермен жексен болды. 78 мың тұрғын баспанасыз қалды.

Мурат Садыков, Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Зілзала құрбандарын еске алуға және табиғи апаттардың салдарын төмендетуге арналған бұл іс-шара халықаралық қауымдастық тарапынан қолдауға ие болып отыр. Конференция тек құрбандарды еске алумен шектелмейді, сондай-ақ ол ықтимал апаттарды болжау, төтенше жағдай кезіндегі жұмысты үйлестіру мәселелерін талқылауға арналған
.

Шара аясында Орталық Азия мемлекеттерінің төтенше жағдайлар министрлері ынтымақтастық жөніндегі арнайы меморандумға қол қойды. Құжат көрші елдердің бір-біріне қажет жағдайда көмек беруін, мамандардың өзара тәжірибе алмасу тетіктерін қамтиды.