Анкарада түркі әлемінің диалог форумы өтті
Түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты нақты жобалармен нығайту қажет.
Түркі мемлекеттері ұйымы саммиті аясында Анкарада өткен түркі әлемі диалогы форумында осындай ортақ пікір айтылды. Екі күнге жалғасқан алаңда түрлі саладағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық байланысты нығайту, Орта дәліздің әлеуетін арттыру және ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру. Анкарада өтіп жатқан Түркі дүниесі диалог форумында осы мәселелер кеңінен талқыланды. Түркия Президенті Әкімшілігінің Коммуникация басқармасы ұйымдастырған халықаралық жиынға түркі елдерінен 100-ден астам спикер қатысты. Олардың қатарында Қазақстаннан келген бір топ өкіл де бар.
Форумның алғашқы күнінде түркі әлеміндегі ақпараттық ықпалдастық, дипломатиядағы әйелдердің ролі, парламенттік дипломатия мәселелері талқыланды. Сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік пен жасанды интеллектіні медиа саласында қолдану тақырыбы да сөз болды. Биыл Қазақстанда жарияланған жасанды интеллект жылы аясында технологияны медиада қауіпсіз пайдалану мәселесі заңмен бекітілді. Елдің осы саладағы тәжірибесі түркі мемлекеттеріне үлгі бола алады, дейді медиаменеджер Бибігүл Жексенбай.
Бибігүл Жексенбай, «Qazaqstan» РТРК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Осыған байланысты біздің Қазақстанда медиа саласындағы оң өзгерістерді, жалпы медиа өкілдерінің, медиа саласының жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Ал бастысы, жалпы еліміздегі дәстүрлі медиа арасындағы байланысты барынша тереңдету. Түркі әлемін айтқан кезде жай ғана баяндама жасап, үлкен талқылаулар ғана емес, нақты халықтарды жақындататын контент жасауымыз керек.
Түркі мемлекеттері ынтымақтастығының жаңа кезеңі саяси мәлімдемелермен ғана шектелмеуі керек. Қабылданған шешімдер нақты экономикалық жоба, ортақ бастамалармен бекітілуі тиіс. Секциялық отырыста сөз алған сарапшылар түркі елдерінің әлемдегі ролін арттыру үшін алдымен экономикалық байланысты тереңдету маңызды екенін айтады.
Абдуллах Чалышкан, Түркі әлемі парламентарийлері қорының төрағасы:
- Мемлекеттер арасындағы өзара сауда мен стратегиялық инвестицияны арттыруымыз керек. Бір елде шикізат пен табиғи ресурстар болса, екіншісінде өндіріс пен технология бар. Осы мүмкіндікті біріктіріп, ортақ жобаларды жүзеге асырсақ, экономикалық байланысымыз да нығая түседі. Сонда әлемдік аренада сөзі өтімді ықпалды күшке айнала аламыз.
Экономикалық ықпалдастықтың келесі кезеңі – қосылған құны жоғары өнім өндіру. Соның аясында ортақ өндіріс орындарын ашып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілуі тиіс.
Камалбек Карымшаков, Манас қырғыз-түрік университетінің проректоры:
- Экономикалық ынтымақтастықты саудамен шектелмей, бірлескен өндірісті дамытуға басымдық берген жөн. Білім беру саласында студенттер алмасу бағдарламасын кеңейтіп, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру маңызды. Бұл бастамалар ұзақ мерзімде Түркі әлемінің дамуы мен ынтымақтастығының нығаюына ықпал етеді деп сенемін.
Ал экономикалық интеграцияның нақты нәтижеге айналуы үшін көлік-логистика бағытындағы кедергілерді жою қажет. Әсіресе Орта дәліздің әлеуетін толық пайдалану үшін кедендік рәсімді жеңілдетіп, әкімшілік тосқауылдарды азайту маңызды. Форумның екінші күнінде сарапшылар осы мәселені талқылады.
Лесбек Тайжанов, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры:
- Әкімшілік кедергі болуы мүмкін, бюрократиялық кедергі болуы мүмкін. Сосын әр мемлекеттің өзіндік мүдделері бар. Сол мүдделері болуы мүмкін. Осы ортақ нүкте тауып, ортақ ой тауып, осыларды азайтып, біз осы жағында жұмыс істесек, біздің мүмкіндіктеріміз де барлық күшімізді жұмылдырып, осы түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын дамыту керек экономикалық түрде.
Ортақ тарих пен мәдени мұра түркі мемлекеттерін жақындастырса, экономикалық һәм стратегиялық әріптестік бұл байланысты нығайта түседі. Сарапшылардың пікірінше, Анкарадағы диалог алаңында айтылған ұсыныстар іс жүзінде жүзеге асырылуы үшін саяси келісіммен қатар тұрақты экономикалық байланыс және халықты жақындастыратын ортақ ақпараттық кеңістік қажет.
Авторы Ә.Нұрлыбаева