Қорғалжын ауданында 9 мың көшет егілмек

Ауған соғысының ардагерлері «Таза Қазақстан» акциясын қолдады. «Бір адам – бір тал» деп аталатын игі бастаманы Қорғалжын ауданының азаматтары қолға алды.

Олар бүгін аудан орталығының кіреберісіне 300 түп көшет отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. 

Қорғалжын ауданынан 100-ге жуық азамат Ауған соғысына аттанған. Солардың тең жартысы қазір туған жерін көркейтуге атсалысып жүр. Биыл қарулас достар аудан орталығын көгалдандыруды қолға алған. Сол үшін арнайы тұқымбақтан көшет алдырып, жол бойына отырғызды.

Болат Еркебұланов, Ауған соғысының ардагері:

- Бір адам – бір тал деп, азаматтар келіп, Ауған соғысының ардагерлері келіп, ұйымдастырып, елімізге ағаш отырғызып жатырмыз. Ертең жас ұрпаққа өнеге болсын, жақсы, таза экологиямыз қалсын. Жастар осы істі әрі қарай алып кете берсін деп эстафетамызды жалғастырып жатырмыз.

Экологиялық акцияға кіндік қаны осы ауданның топырағына тамса да жырақта жүрген азаматтар да атсалысты. Солардың бірі Райхан Оспанова.

Райхан Оспанова, Қорғалжын ауданының тумасы:

- Теміртау қаласынан келіп тұрмын. Жұбайым ауған соғысының ардагері Оспанов Қайрат Кеңесұлы. Сол кісінің әруағын сыйлап, осындай тал егуге үлесімді қосып, келдім.

Акцияға 50-ге жуық адам қатысып, бас-аяғы 300 көшет отырғызылды. Болашақта бұл бастама жалғасын табады дейді аудан әкімі.

Алмас Алин, Қорғалжын ауданының әкімі:

- Биыл аудан бойынша 9 мың тал егу жоспарда бар. Соның ішінде бұл басқа да ауылдарда жалғасатын болады. Бұл үлкен акция. Жастарға үлгі-өнеге болады деп ойлаймын. Жаңа өздеріңіз көрдіңіздер, бұл акцияның жалғасын 1967 жылғы азаматтарға табыстап беріп жатыр. Енді ол азаматтар да дайындалып, ауданымыздың көркеюіне, еліміздің көркеюіне үлес қосады деп ойлаймын.

Көктемде басталған экологиялық акцияны күзге дейін жалғастыру жоспарланып отыр. Осылайша, межеленген 9 мың түп көшетті отырғызу көзделген.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов