Алматы облысында туристік нысандар аумағы қоқыстан тазаланды

Алматы облысында үш күнге созылған Тазалық марафоны қорытындыланды. Шара аясында туристер көп баратын демалыс орындары мен табиғи аймақтар тазаланды. 

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған марафонға 35 мыңға жуық тұрғын қатысты.

Алматы облысында мамырдың алғашқы күндері Тазалық марафоны деп жарияланды. Үш күн бойы туристік нысандар мен демалыс аймақтарында сенбіліктер өтті. Экоакцияға 35 мыңға жуық адам қатысып, 1400 тоннадан аса қоқыс шығарылды.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Кеше Іле ауданында, алдыңғы күні Қонаев қаласында болдық. Сол жерлерді дұрыс қадағалап, дұрыс ұстауымыз қажет. Бұл біздің акциялар ары қарай да жалғасады. Өйткені Алматы облысында туристік нысандар өте көп, табиғи парктер де көп. Сол себепті соны жақсы сақтауымыз керек, экологиялық мәдениетті қалыптастыруымыз қажет. Ол келешек ұрпаққа да, бәріне де керек деп ойлаймыз.

Марафонның соңғы күнінде Қаскелең шатқалы тазаланып, тау бөктеріне 200-ге жуық көшет егілді. Сонымен қатар белсенді қатысқан тұрғындар, үздік аулалар мен ең таза ұйымдар марапатталды.

Қалиахмет Салиқұлы, Іргелі ауылының тұрғыны:

- Шаң-тозаңды кім жақсы көреді?! Ағаш бар жерде шаң-тозаң болмайды. Әр уақытта көк желекке оранғаны жақсы ғой еліміздің. Тап-таза болады. Сондықтан мен ойлаймын, барлық жерде қолға алынуы керек. Келген туристерге де, басқа келушілерге де осыған сақ болу керек. Көрінген жерге қоқыс тастамай, ағаштарды сындырмай, әрқашанда табиғатқа аялай қарау керек.

Жалпы өңірде жыл басынан бері 100 мыңға жуық ағаш егілді. Қазір облыста көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Арнайы бекітілген кестеге сәйкес 131 ауылдық округ пен 368 елді мекенде тазалық акциялары ұйымдастырылған. 10 мыңнан астам көшеде санитарлық тазарту жұмыстары жүргізіліп, оның 3 жарым мыңнан астамы қоқыстан тазаланды. 

Авторлары: Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов