Риддердегі ЖЭО-ны жөндеуге ₸1,8 млрд бөлінді

Үкімет Риддердің жылу жүйесін жаңғыртуға шамамен 1,8 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қаражат жылумен қамту сенімділігін арттыруға және қала инфрақұрылымын 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындауға жұмсалады. Атап айтқанда, жылу желісінің тозығы жеткен 12 учаске жөнделіп, орталықтағы №5 және №6 қазандық агрегаттарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.

Ержан Ертаев, ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы:

- Энергетика министрлігінің тексеру қорытындысы бойынша жабдықтың ең тозған элементтерін ауыстыру және қысқы кезеңге қажетті резервті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар берілді. Бұл ең алдымен, Риддер қаласының жылумен жабдықтаудағы негізі болып табылатын 5, 6 қазандықтарға қатысты.