Алматыда студенттік лига жеңімпаздары анықталды
Алматыда студенттік лига маусымы аяқталды. Биыл турнирге 35 жоғары оқу орнынан 1500-ге жуық студент қатысты.
Жыл бойы командалар футбол, волейбол және баскетбол сияқты спорт түрлерінен жарысқа түсті. Лиганың жабылу салтанатында екі дивизион бойынша үздік командалар марапатталды. Сонымен қатар үздік ойыншыларға жүлделер табысталды.
Алматы студенттік лиганы қалалық әкімдік ұйымдастырып, барынша қолдау көрсетті. Биыл турниге қатысушылардың саны рекордтық деңгейге жетті. Ойынға ерлер және әйелдер құрамасынан 108 команда қатысты. Студенттер футбол, баскетбол және волейбол бойынша өзара мықтыларын анықтады. Командалар дайындық деңгейіне қарай екі дивизионға бөлінді.
Әли Баймағамбетов, ҰҚК академиясы командасының волейболшысы:
- Академия бұл жарысқа екініші жыл қатарынан қатысып жатыр және алдыңғы жылдан бастап күшейтілген түрде осы жарысқа дайындалған болатынбыз. Осы жылы өзіміз көздеген мақсатымыз 1-орынға иеленіп отырмыз Б дивизионда. Келесі жылдан бастап біздің команда А дивизионында ойын көрсететін болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, лига жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға ықпал етеді. Соның нәтижесінде жастардың арасында командалық рух пен жеңіске деген құлшыныс қалыптасты.
Дархан Нұрханұлы, қалалық Спорт басқармасының басшысы:
- Біз осыдан бір жыл бұрын студенттік лиганы ашқан болатынбыз. Қазір дұрыс шешім болды деп айтсам болады. Өйткені қазір студенттердің қызығушылығы артып отыр. Көрермендердің қызығушылығы бар. Нәтиже де бар. Спорт жағынан да бұл бір тартымды турнир болды десе болады.
Ұйымдастырушылар тек үздік командаларды ғана емес, студенттердің жеке шеберлігі мен жаттықтырушылардың еңбегін де атап өтті. Әртүрлі номинация бойынша белсенді спортшыларға медальдар мен кубоктар табысталып, әр спорт түрінің үздік ойыншылары ақшалай сыйлыққа болды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев