Қазақстанда автосақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізілмек

Фото: depositphotos.com

Жаңа ережелер қабылданса, сақтандыру полисінің құны жүргізушінің жеке тәуекел деңгейіне қарай есептеледі. Соның салдарынан кейбір жүргізушілер үшін сақтандыру қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «24KZ».

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған түзетулерге сәйкес, сақтандыру компаниялары полис бағасын 10%-ға дейін төмендетуге немесе керісінше арттыруға мүмкіндік алады. Баға жүргізушінің жолдағы тәртібі мен жол-көлік оқиғалары тарихына қарай, яғни жеке тәуекел деңгейі негізінде қалыптасады.

Маңызды өзгерістердің бірі – «бонус-малус» жүйесінің қайта қаралуы. Қазір жол-көлік оқиғасына түспеген жүргізушілерге 50%-ға дейін жеңілдік берілсе, жаңа тәртіп бойынша бұл көрсеткіш 30%-ға дейін қысқаруы мүмкін. Яғни тәртіпті жүргізушілердің өзі бұрынғыдан көбірек төлеуі ықтимал.

Сонымен қатар түзету коэффициенттерін есептеу әдістемесі де жаңартылады. Ол сақтандыру статистикасына негізделіп, нақты тәуекел деңгейіне сай белгіленбек. Бұл да полис құнына тікелей әсер етеді: кейбіреулер үшін арзандаса, енді біреулер үшін қымбаттауы мүмкін.

Айта кетейік, бұл әзірге жоба. Құжат қазір «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.