Алматыда Сайран жағалауынан қару-жарақ табылды

Фото: polisia.kz

27 сәуірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері қару-жарақ тапты, деп хабарлайды «24kz»

ҚР ІІМ мәліметінше, қару бұған дейін жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған. Жыл басынан бері 900-ден аса қару тәркіленген, оның ішінде жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған 74 қару бар. Сондай-ақ айналымнан төрт мыңнан аса оқ-дәрі алынған. 27-29 сәуір аралығында өткен жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде 67 дана атыс қаруы және түрлі калибрдегі 200-ден аса оқ-дәрі тәркіленген.

«Ішкі істер министрлігі ескертеді: заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады. Азаматтарды заңсыз сақталған қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға шақырамыз», - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.