ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңгеден беріледі

Фото: depositphotos.com

2026 жылы Жеңіс күніне орай Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 млн теңгеден біржолғы ақшалай көмек беріліп жатыр, деп хабарлайды «24KZ». 

Әлеуметтік қолдау шаралары өңірлік бюджет мүмкіндігіне қарай жүзеге асырылуда. Қазақстанда ҰОС ардагерлеріне мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары жалғасып келеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, ҰОС ардагерлері зейнетақы төлемдерін алушылар санатына жатады. Мүгедектігі болған жағдайда оларға мүгедектік тобына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен ай сайын 16 АЕК мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ардагерлерге және соғысқа қатысы бар азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек көрсетеді. Кей өңірлерде санаторийлік емдеу, тұрғын үй, отын, дәрі-дәрмек және азық-түлік түріндегі қолдау шаралары да қарастырылған.
Әлеуметтік көмектің нақты түрі мен мөлшері әр өңірде жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай мәслихат шешімдерімен жеке белгіленеді.