Оралда 17,2 шақырым жылу желісі жаңғыртылмақ

Орал қаласында жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Жоспарға сәйкес, 3,6 шақырым магистральды жылу құбыры және 13,6 шақырым көшеішілік жылу желілері қайта жаңартылмақ. 

Бұл шаралар нәтижесінде қаладағы жылу құбырларының тозу деңгейі 49 пайыздан 42 пайызға дейін төмендейді деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бірнеше учаскеде қатар жүргізіліп жатыр. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Жылу желілерінің жай-күйі жөнінен Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақтағы өңірлер қатарында. Шағын шаһар саналатын Ақсай қаласында жылу құбырларының тозуы 14% болса, Орал қаласында бұл көрсеткіш 49%. Осы олқылықтың орнын толтыруда аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Тек соңғы бір жылда қаладағы жылу желілерінің тозуы 54%-дан 49%-ға төмендеген.

Мәжит Жүнісов көшесімен ететін №7 жылу магистралі 24 әлеуметтік нысанға, 130 көппәтерлі тұрғын үйге жылу жеткізеді. Қырық жыл бұрын салынған құбырлар бүгінде әбден тозыпты. Ескі мұржаларды шығару барысында құрылысшылар оған көз жеткізген. Жөндеу жұмыстары 12 күн бұрын басталған. 

Бақытжан Мұхамеджанов, учаске бастығы:

- Дайындықты былтыр қыстан бастағанбыз. Құбырдың 80% осында. Біраз өзіміздің «құрамдас» бөліктер де осында. Сол себепті қазіргі жұмыстар бастауға әбден өзіміздің мүмкіншілігіміз бар. Біздің салатын құбырларымыз 530 диаметр. Ішіндегі темірден, сырты пеноплекс и пластикпен қапталады. Қорғаныс қабаты дейміз.

Биыл қалада жалпы ұзындығы 3,6 шақырым болатын 6-шы және 7-ші жылу магистральдерін жаңғырту басталды. Оған республикалық бюджеттен 4 млрд теңге қаржы қаралған. Ал «Құрылысшы» ықшам ауданында 9 шақырымдай көше ішілік жылу құбырлары алмастырылады. Бұл жұмыстар энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында іске асып отыр. Одан бөлек, «Жайықжылуқуат» кәсіпорнының 900 млн теңгедей өз қаражаты есебінен де жөндеу жоспарланған. 

Бекболат Қамешев, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директорының орынбасары:

 - Биыл біз қазандықтарды ауыстырмаймыз. Мына жылу электр орталығында күрделі жұмыстары бар. Ол №11, №12 қазандықтарын бу қыздырғыш, сосын энергетика қазандығын, су қыздырғыш қазандықтарында жұмыс жасаймыз. Сосын 5,5 шақырым жылу жүйелерін ауыстырамыз.

Жалпы алғанда биыл шаһарда 3,6 шақырым магистральды жылу құбыры және 14 шақырымдай көше ішілік жылу желілері жаңғыртылмақ. 

Мирас Мүлкай, БҚО әкімінің орынбасары:

- Осы жұмыстардың арқасында біз осы жылу желілерін 42-43% пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше, жылу желілерін осымен аяқтап, жылу көзіне көшетін боламыз. Жылу көзі деген – жылу электр орталығы. Ол бағытқа бұратын болсақ, екінші кезеңге қазір ұлттық жоба аясында жаңа жобаларды ұсынып жатырмыз. Ол деген біздің энергетикалық қазандықтар, су жылыту қазандықтары және турбиналар. 

Жылыту маусымына дайындық 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ. Ал жалпы өңір бойынша энергетика және коммуналдық саланы жаңғыртудың Ұлттық жобасы аясында 27 жобаны іске асыру жоспарланған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов