Астанада 400-ден астам курсант әскери ант қабылдады

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Астанада 400-ден астам курсант запастағы әскери қызметшілердің қатарын толықтырды. 

Құралбек Құлажанов атындағы қазақ технология және бизнес университетінің әскери кафедрасында ант беру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға оқу орнының басшылығы, әскери кафедраның жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ курсанттардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Екі жыл бұрын құрылған әскери кафедраның оқу бағдарламасы теориямен қатар әскери дағдыларды жетілдіруге бағытталған. Екі жылда студенттер екінші мамандықты меңгеріп, запастағы лейтенант және сержант әскери атағын алып шығады. 

Бауыржан Әбуов, курсант:

- Бүгін – мен үшін ерекше күн. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Бүгін Отан алдындағы бір жағынан борышымды өтеп, бір жағынан ант қабылдап қара жерімізді қорғау жайлы анттың суын іштім. Ол өте бір қобалжытатын сәт деп ойлаймын. Сонымен қатар осынша білім беріп, ел қорғаудың негіздерін түсіндірген ағаларымызға өте үлкен алғысымды білдіремін.