Алматы облысында 18 инвестициялық жоба жүзеге асады
Алматы облысының Ұйғыр ауданында алдағы 3 жылда жалпы құны 106,8 млрд теңге болатын 18 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Сол арқылы 1700 жаңа жұмыс орны ашылады. Ілкімді жобалар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өндірісі, қызмет көрсету, логистика және туризм салаларын қамтиды. Қара-дала өңіріндегі «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен, ыстық су көздеріне, өткен жылы 1 млн 100 мыңнан астам турист келген.
Шарын ауылдық округіндегі жалпы аумағы 3 гектар жерді алып жатқан «ALMA SEEDS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 800 тонна жүгері, 700 тонна күнбағыс тұқымын өндіре алады. Түрік технологиясы бойынша жұмыс істейтін кәсіпорын қазірдің өзінде 50 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Бота Елеусізова, Ұйғыр ауданының әкімі:
- Жалпы біздің ауданымыз инвестициялық тартымды аудандарға жатады. Натрия сульфат өңдейтін «Тұздыбастау» ЖШС зауыттарын орналастырып, биылғы жылы іске қосу күтілуде және ауыл шаруашылығы бағытында тұқым өңдеумен айналысатын «ALMA SEEDS» компаниясы қазір жұмысын бастап жатыр.
Қасиетті Қарадала төсіндегі көркі көз тартатын туристік нысанның бірі – Шарын шатқалы. Өткен жылы мұнда 600 мың турист ат басын тіреген. Ал адам ағзасы үшін емдік қасиеті мол ыстық су көздерінде былтыр 500 мың адам демалды.
Қуанышбек Естаев, Аlma Park демалыс базасының қожайыны:
- Үкіметтің арқасында 200 млн кредит «Дамудан» теңге алдық 200 миллиондай. Сол бізге кәдімгідей көмек болды. Содан бастап, осындай жағдайға келіп отырмыз.
Құралай Түменбаева, Аlma Park демалыс базасының үйлестірушісі:
- Келген кезімізде бұл жер жай алаң болатын шаңы шығып жатқан. Бұл жерде бізбен бірге көмектесіп, бірге жүрген жақын ауылдан 40-тан астам жұмысшымыз бар.
Қазақстан мен көршілес Қытай Халық Республикасы визасыз режимге көшкелі Ұйғыр ауданына келетін туристер саны екі есеге дейін өсті. Логистика саласындағы көрсеткіштер де айтарлықтай жақсарған.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов