Оралда инвестициялық форум өтті

Бүгін Оралда «Өсу капиталы: Өңірдің жаңа мүмкіндіктері» атты инвестициялық форум өтті.

Мемлекет басшысының инвестиция тарту арқылы өндірісті өркендетіп, экономиканың экспортқа бағдарланған секторын дамыту туралы тапсырмасы Батыс Қазақстан облысында ойдағыдай орындалуда. Соңғы 3 жылда облысқа 4,9 млрд доллар тікелей инвестиция құйылып, аймақтар арасында Орал өңірі көш басына көтерілген.

Облыс әкімдігі мен прокуратурасы бірлесе ұйымдастырған форум ең алдымен кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға бағытталған. Іскер топ өкілдері алдында сөз алған өңір басшысы аймақта инвесторларға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Бүгін біз Батыс Қазақстан облысының Прокуратурасымен бірлесіп, бірдей мүмкіндіктер ашатын алаң ұйымдастырып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз - ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестік орнату, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

Соңғы 3 жылда облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 5 млрд АҚШ долларына жетті. Өңір экономикасына құйылған қаржы мөлшері 2024-те 10%-ға, былтыр 21%-ға өскен. Тек осы жылдың алғашқы тоқсанында инвестиция 135 млрд теңгеге жеткен.

Нұржан Өтепбаев, БҚО Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Соңғы үш жылдың деректері бойынша облысымыз инвестиция тарту бойынша тұрақты түрде өсімі бар деп айтуға болады. Ол не дәлелдейді? Жалпы шетелдік және жергілікті инвесторлар сенімі мол деп айтуға болады. Ұлттық цифрлық платформаның ішінде 100 жобадан көп, 2,1 триллионнан асқан жобалар бар.

Артур Шоқпанов, БҚО Прокурорының аға көмекшісі:

- Олардың барлығы да Прокуратура органдарының бақылауында. Яғни қандай да болсын бір проблемалық мәселелер туындаған кезде прокуратура органдары да тиісті шараларын қабылдап, заң аясында оларға көмек көрсетуге әрдайым дайын.

Форумда өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру жайы кеңінен талқыланды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов