Отандық өндірушілердің үлесін арттыру көзделіп отыр

Қазақстандық өндірушілердің ірі мұнай-газ жобаларындағы сатып алуларға қатысуы шектеліп отыр. Бұл шара іс жүзінде айтарлықтай қиындаған.

Бүгінде мәселе күрделеніп, Парламент деңгейінде талқыланып жатыр. Мысалы, «Теңізшевройл» компаниясына қатысты түйткілдер бар. Мәжіліс депутаттары компанияның жергілікті жеткізу-шілерді нақты тартумен қатар міндеттемелерді сақтау мәселелеріне назар аударды.

Қағаз жүзінде рәсімдер халықаралық стандартқа сай көрінгенімен, іске келгенде жергілікті жеткізушілер басы артық кедергілерден көз ашпайды. Көп жыл бойы қалыптасқан түсініксіз жүйеде шамадан тыс талап көп, нақты жазылмаған ереже басым. Отандық өндірушілердің тауар жеткізуге қолы қысқа. «Бұнымен, қазақстандық үлесті қалай арттырамыз?», - деген заңды сұрақ туындайды.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жер қойнауы халыққа тиесілі. Оны пайдаланудан түсетін пайда ең алдымен халық пен ел қазынасын жарылқауы тиіс. Біз шетелдік жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы отандық үлесті арттыру талаптарын үнемі күшейтіп келеміз. Жаңа нормалар тиісті Кодекске енгізілді. Бірақ, талап болғанымен, орындалмағаны үшін жауапкершілік жоқ. Теңізшевройлға қатысты шағымдар бар. Қазақстандық бизнеске қолдау көрсету үшін ТШО талаптарына сәйкес арнайы Мұнай-газ машина жасаудың халықаралық орталығы құрылды. Біз ол орталық отандық кәсіпорындарға көмектесіп, техникалық құжаттама, лицензиялар, патенттерді беріп, ТШО сатып алатын өнімдерді өндіруге мүмкіндік жасауы тиіс деп отырмыз. Кәсіпорындар ұсақ жұмыстармен шектелмей, заманауи стандарттар мен технологияларды толық меңгере алады.

Теңізшевройлға қатысты негізгі сын – жабықтық. Жеткізушілер қалай іріктеледі? Бағалау критерийлері қандай? Сұрақ көп. Рәсімдерде айқындық жоқ, тендерлер бойынша шешім қалай қабылданатыны түсініксіз. Осының бәрі Мәжіліс комитетінің отырысында ашық талқыланып, нақты айғақтар келтірілді. Теңізшевройл техникалық қызмет бойынша құны 2 млрд доллар болатын ірі тендер өткізген.

Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы:

- Бұл тендер 2024 жылы басталып, сатып алулар төрт негізгі бағыт бойынша іріктелген. Алдымен жеткізушілер үшін кіру шегі айтарлықтай ұлғайтылды. Бұл қазақстандық компаниялардың тендерге қатысу мүмкіндігін шектеді. Қазіргі таңда ішкі рәсімдердің қорытындысы бойынша бұл тендер іс жүзінде тоқтатылған. Осыған байланысты «Атамекен» палатасы ең алдымен тендердің қазіргі мәртебесін, аяқталу мерзімдерін және осы ірі сатып алу аясында отандық жеткізушілердің қатысуы қалай қамтамасыз етілетінін түсіндіруді сұрайды.

Мәжілісмендер мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық үлестің неге артпай отырғанын Теңізшевройл басшылығынан тікелей сұрады.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Еңбекті қорғау және қауіпсіздікке арналған тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі қазақстандық үлес небәрі 30% ғана. Бұл үлесті арттыру үшін не істеу керек? Неге ол соншалықты төмен деңгейде?

Билли Лакоби, «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры:

- Біз жергілікті жеткізушілерден тиісті тауарларды сатып алу арқылы жергілікті үлесті арттырудың мүмкіндіктерін әрдайым іздейміз және бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз.

Жауаптар тек жария сипат алады. Бос уәдеге ұқсас. Депутаттар осыны атап өтті. Іске келер болсақ, жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті үлесті дамытуы жүйелі өзгерістерді талап етеді.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Егер сіз мұнда келісімшарт бойынша жұмыс істеп отырсаңыз, қандай ірі пайдаланушы болсаңыз да, жауапкершілік арқалайсыз. Күрделі мәселелерге нақты жауап ала алмай отырмыз. Тендерлердің ашық еместігі, бір компаниялардың қайта-қайта ұтуына қатысты да сұрақ қойылды. Олар болса, тендер өткізу ережелерін өзгерту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын, жақын уақытта бұл жағдайды, соның ішінде ашықтық мәселесін түзететінін айтады.

Жер қойнауын пайдаланушылар өндірісті жергіліктендіру мәселесінде де салғырт көзқарас танытып келеді. Депутаттар барлық рәсімдер шетелдік мердігерлерге ыңғайланып жасалғанын атап өтті. Сол себепті жергілікті өндірушілердің ірі жобаларға қатысуы шектелуде.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жергіліктендіру бойынша мәселе көп. Мысалы, егер KPO-ны италиялық басқарса, ол Италиядан бөлшектер әкелуге тырысады. Егер Ұлыбритания өкілі басқарса, материалдарды сол елден жеткізуге ұмтылады. Яғни әрбір жаңа басшы өз елінің мүддесін алға тартуға тырысады. Сондықтан  бізге де принципшіл ұстаным қажет.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- ТШО өнімді бөлу қағидаты бойынша жұмыс істейді, сондықтан біздің заңдардағы талаптар оларға әлі күнге дейін толық қолданылмай келеді. Қазір Конституция аясында Қазақстан заңдарының үстемдігі туралы норма енгізілді. Яғни халықаралық келісімдердің қолданылу тәртібі енді ұлттық заңдармен реттеледі. Өзгерістер 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін біз бұл мәселеге қайта ораламыз.

Депутаттар жер қойнауын пайдаланушылардың аталған мәселелерге атүсті қарауына жол берілмейтінін айтты. Мемлекет құр уәдені емес, нақты нәтижені талап етеді. Ал талап  - ішкі өндірісті дамыту мен қазақстандық компаниялардың қатысуын кеңейту. 24KZ телеарнасының редакциясы да Теңізшевройл компаниясында туындап отырған сұрақтарға қатысты ресми сауал жолдады. Алайда белгіленген мерзімде компаниядан жауап алынбады.

Авторлары: Рауан Қалыбаев, Жандос Битабаров, Рухани Әбдірахман