«Казцинк» аумағында болған жарылыстың себебі анықталып жатыр
«Казцинк» металлургиялық кешені аумағында болған жарылыстан кейін, ауа құрамында көміртек тотығы 3 жарым есе, ал хлорлы сутек пен күкірт-сутек шектік мөлшерден 2 есе артқан.
Бұл туралы Қазгидромет өкілдері мәлімдеді. Осыған дейін хабарлағанымыздай, таңертең , «Казцинк» зауыты аумағындағы шаң ұстау цехында, газ-ауа қоспасы жарылып, соңы өртке ұласты. Салдарынан екі адам мерт болып, бес адам жарақат алды.
Өскеменді дүрліктірген жарылыс осы жерде мына Казцинк металлургиялық кешені аумағында болды. Таңғы 8 жарымда шаң ұстау цехында болған жарылыстан сол цех ғимараты қираған. Іле шала өрт те шықты. Сол сәтте цех ішінде 3 адам, ал жалпы сол маңайда 32 жұмысшы болған.
Жарылыс сәті әлеуметтік желіде лезде тарады. Бұрқ ете қалған түтін бірнеше минут бойы ауада қалқып тұрды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар қызметі де жедел жетті. Олар келгенде цех ғимараты қирап, төбесі ортасына түсіп, өртеніп жатқан еді.
Рашид Біләлов, облыстық ТЖД бастығы:
- Келе сала оқиға орнынан бес адам эвакуацияланды. Одан бөлек екі адамның қайтыс болғаны анықталды. Зауыт өкілдерінің айтуынша, дәл сол апат болған сәтте аға шебер мен мен екі жұмысшы болған.Біз үйінді астында адам қалып қалмасын деп, іздеу шараларына да бірден кірісті.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС басқарушы директоры:
- Екі бірдей жұмысшымыздың қайтыс болғанын үлкен өкінішпен хабарлауға тура келіп тұр. Біз көз жұмған азаматтардың отбасына қайғыра көңіл айтамыз және толыққанды қолдау көрсетеміз.
Компания басшылары қаза тапқандардың отбасына жұмысшының10 жылдық жалақысы көлемінде қаржы төленетінін айтты. Сонымен қатар марқұмдарды жерлеу рәсіміне кететін шығындарды да көтереді. Балаларының білім алуына жағдай жасалады. Ауруханада жатқандардың ем-домына қолдау көрсетіледі деді зауыт өкілдері. Дәрігерлердің айтуынша зардап шеккен бес адамның үшеуі ауруханадан үйіне шығарылды. Ал қалған екеуіне медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бірінің жағдайы өте ауыр.
Мұрат Нұрбикенов, ШҚО Мамандандырылған медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
- Алғашқы зардап шеккендер сағат 09:00-ге таяу жеткізілді. Олар келгенде қабылдау бөлімінде шұғыл көмек бригадасы дайын тұрды. Арасында реанимотолог, травмотолог, комбустиолог сынды мамандар болды. Әзірге 46 жастағы азаматтың жағдайы қиын. Денесінің 90 процентін күйік шалған. Ал екінші жұмысшының омыртқасы зақымданған, қазір травмотологияда жатыр.
Жансақтау бөліміндегі азаматқа медициналық көмек көрсету үшін, Астанадан санавиация барады деп жоспарланып жатыр. Қазір мемлекеттік комиссия құрылды. Апат себебі алдағы уақытта анықталады. Облыстық полиция департаменті тарапынан сотқа дейінгі тексеру басталды. Зауыттағы оқыс оқиға Үкімет басшысының тікелей бақылауына алынды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов